Úı ANONS Бадамда қордаланған мәселе көп

Бадамда қордаланған мәселе көп

Фото: Отырар.кз

Бадамдық тұрғындар инфрақұрылымға жарымай отыр. Аймаққа тұрғындардың көшіп келгеніне 10 жылдан асса да, әлі күнге қоғамдық көлік пен жол, жарықтың мәселесі күрделі. Ал мәселеге жауаптылар тиісті тексеру жұмыстарын жүргіземіз дейді.

«Бұл жерге осыдан 2 жыл бұрын автобус жүргіземіз деген кезде 2 автопарк басшылар келген. Келді де «мына жолмен біз жүрмейміз» деді. Мына жолда «Бұл автобуспен қаншама халық тасимыз. Қырып аламыз» деді. Ана құлдиды көріп тұрсыз ба? Ол жерде көлік тоқтай алмайды», — дейді тұрғындар.

Бадамдық тұрғындар аймақтағы инфрақұрылым жүйесінің нашарлығына наразы. Жиналған жұршылық 10 жылдан бері қоғамдық көлікке жарымай келе жатқанын айтады. Олар әр есікті қағып жүріп, №16 маршруттың жүру жоспарын аймаққа қарай бұрғызған. Дейтұрғанмен көлік аялдамасы мен тұрғын үйлар арасы 1 шақырымға жуықтайды. Бала-шағамызды көтеріп, сол жаққа артынып-тартынып баруға мәжбүрміз деді бадамдықтар.

«1 күн жүрді да, 10 күн тоқтап тұр. 1-не №16 маршрутты созамыз деген. Кәні, ешқандайда көлік жоқ. Ана жақпен кетіп қалып жатыр. Мына жақта қанша халық бар, анау жақта қанша халық бар. 1 автобус келсе, таңертең жұмысқа жету үшін 1 аяқпен тұрып барамыз. Жүгіріп бара жатсаң күтпей кетіп қалады. Мына жақпен жүру керек қой. Бізге айтатыны жоғарыға автобус көтеріле алмайды дейді. Нұрсатта да, Сәуледе де сондай жердің бәріне шығып жатыр ғой. Неге бізге келгенде шыға алмай қалады», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айман Нұрымбетова.

Мұнда қоғамдық көлік келгенмен, оның жүру аралығы 40-50 минутты құрайды. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көшелердің тар екенін айтады. Сондықтан автобусты Бадам тұрғын алабының жаңа құрылыс аймағына бұру талапқа сай келмейді дейді.

«№16 маршрут бұған дейін Наурызым көшесімен жүретін. Қазір бергі жақтағы аты жоқ көшеге ауыстырдық. Себебі автобус екі жаққа да қолайлы болуы керек. Елді мекеннің орталық және кең көшесімен жүруі қажет. Тұрғындардың шағымданып жатқан арызы ол автобусты куыс көшелерге кіргізу. Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына сәйкес мұндый ішкі көшелермен автобус жүргізу техникалық, қауіпсіздің шараларына сай келмейді», — дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Сапарбек Әділ.

Мұнда қордаланған мәселенің көптігі сонша, бірінің шешімі табылса, екіншісі дайын тұрады. Мәселен мұндағы жолдарға асфальт төселгенмен, оған 1 көлік қана сияды.

«Көшені кеңейту жағын айтып жатырмыз. 1 ғана көлік сияды. Екіншісі сыймайды. екі машина қатар өту бұл жолда мүмкін емес. Екінші мәселе жарықтандыру. 84-тен түскеннен кейін, мына жақтың бәрі қараңғы жүре алмайсың. Қыстың күні ештеңе көрінбейді, ыңғайсыз жүру. Ал жаңбыр жауса, жолдың осы бөлігі суға толып қалады. Ал қыстыгүні қараңғыда көрмей қалып, белшемізден суға барамыз», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Әнуар Сүйентаев.

Ал әкімдік тұрғын алабтағы 43 көшенің 39-ына асфальт төселгенін айтады. Жауаптылар құрылыс жұмысын талапқа сай жүргіздік деп отыр. Сөздерінше жаңа құрылыс аймағына тұрғындар біртіндеп көшіп келгендіктен мәселе де туындай береді.

«Ол жерде тар көшелер де бар. Біз кеңдігін қарамаймыз ғой. Бірақ 2 көлік сиятын көшелер бар. Жағдайды транспорт басқармасымен бірге барып көрейік. Ол жерде көлік жүргізу бойынша да, транспортқа ұсыныс бергенбіз. №16 мен №122 автобус бар. Соның бірін қосалқы станцияға қарай жіберуге ұсыныс бергенбіз. Оны сол жақ шешеді. 2024 жылы 2 көше жарықтандырылған. Сонымен қатар, қала әкімінің тапсырмасымен 11 көшеге жарық жүргізіледі», — дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев.

Сонымен қатар бадамдықтар көше бойы қоқыс аймағына айналып бара жатқанын айтады. Себебі кейбіреулер қаланың ішінен келіп, құрылыс қалдықтарын осында үйіп кетеді екен.

«Қоқысымыздың түрі мынау. Қаладан келеді да төгіп кетеді. Соның бәрі бізге инфекция. Мына жақтың бәрінде балалар бар. Осында келіп ойнайды. Сондықтан инфекция болады деп қорқамыз. Оның үстіне ары-бері өзіміз де жүреміз. Мына қоқысты тазалап берсін. Қаладан әкеп қалдықты тастамасын. Оның бәрін қадағалайтын адам жіберсін», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Бүгебаева.

«Ол жерде тазалық жұмысы жүрмеді емес жүргізілді. 2-3 рет жүргізілді. Сонымен қатар басқа шағынаудандарда да тазалық жүргізіп жатырмыз», — дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаев.

Мұнда 5 мыңнан аса халық тұрады. Олар 10 жылдан бері қордаланған мәселемізді айтпаған адамымыз қалмады дейді. Ал Еңбекші аудандық әкімдігі, проблемалы аймаққа жеке барып, шешу жолдарын іздестіреміз деп сендірді.

Exit mobile version