(Фото: instagram.com/ermek_marzhyqpaev)
Грек-рим күресінен отандық балуан Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. 77 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшымыз финалда биыл Азия чемпионы атанған жапондық Нао Кусакаға есе жіберді. Төрешілер шешімімен есеп: 2-5.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Ермек Маржықпаев спортшының бұл кездесуін тарихи белдесу деп атады.
«Демеу Жадыраевты Олимпиаданың күміс жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тарихи белдесу болды. Тұтас халық Демеудің тілеуін тіледі. Отандастарымыз мұндай белдесуді 20 жыл күтті. Жадыраев боз кілемде барын салып, нағыз шебер балуан екенін көрсетті. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең мықты спортшылар арасында Олимпия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алу – зор жетістік екенін атап өткім келеді. Демеу Жадыраев өзінің табандылығының, жеңіске деген ұмтылысының және еңбекқорлығының арқасында грек-рим күресінің миллиондаған жанкүйеріне нағыз мереке, ұмытылмас эмоция мен қуаныш сыйлай алды. Барлық жаттықтырушылар штабына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Төртжылдықтың басты додасындағы чемпиондарымызға жаңа жетістік пен жеңістер тілеймін!»,- деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.