Úı ANONS Қала әкімінің бірыңғай қабылдауына келгендер қарасы қалың

Қала әкімінің бірыңғай қабылдауына келгендер қарасы қалың

Фото: Отырар.кз

Бүгін қала әкімінің бірыңғай қабылдауы өтті. Онда жиналған халықтың қарасы қалың. Дегенмен әкіммен тек 40 адам кездесті. Басқа тұрғындар уәжін кім тыңдайды?

Таңнан бері қала басшысының жеке қабылдауына келіп, кезегін күткендер қарасы қалың. Олар бірнеше айдан бері тізімге жазылып, кезегін күткен. Ақсұлу Есекенованың тұрғын үй саласында қордаланған проблемасы көп. Оны тыңдайын құлақ жоқ дейді ол.

«Бір адам жоқ. Қараңыз, қабылдау бөлмесі бос тұр. Әкім қайдан біледі мәселені? Елді мекендердің не істеп жатқанын біз арқылы біледі. Біз жұмыс істемесек қайдан біледі? Біз хат жазамыз, әкім көріп орындайды. Сондықтан біз көмекшіміз. Кеезегімізді көрейін десек нақты жазылған ештеңе жоқ. алдап кіріп тұрған шығармыз, бәрін тексеру керек қой. Не тізім жоқ, не басқа жоқ », — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ақсұлу Есекенова.

Ал қала әкімінің баспасөз қызметі кезек бойынша тұрғындарды қабылдап жатқанын жеткізді. Сөздерінше тізімге ілінбегендердің уәжін тыңдайтын жауапты мамандар да бар.

«Қала әкімінің бүгінгі бәрыңғай қабылдауына 40 адам жазылған. Қабылдау әкімдіктің фронт-офисіне келіп, арнайы жазылған тұрғындардың тізімі бойынша жүргізіледі. Сұрақтар тұрғын үй, жер телімдерін беру және заңдастыру, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтиды. Азаматтарды қабылдау қазір жалғасуда. Сонымен қатар ғимараттың 1-қабатында әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, тиісті шешімдер қабылдануда», — дейді Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қала тұрғыны Алмагүл таңертең жүгіруге шыққанда айналада қаптаған ит жүруге мұрша бермейді дейді.

«Таңертең жүгіруге шығамыз. Иттер топырлап жүреді. Базарға барсақ та қоқымдармен толып жүр. Мангелдинада қаптап кеткен. Итхана салып еді ғой. Сол итханаға ұстап алып апармай ма? Алып кетсінші! Қазір айтайын десек ветеринариядан адам келмей жатыр», — дейді Алмагүл.

Қазір қалада 4 топ қаңғыбас иттерді аулайды. Жауаптылардың сөзінше, оларды шақыру үшін 109 номеріне қоңырау шалу керек. Тұрғындар тарапынан шағым көп, сондықтан мәселені шешу біраз уақытты қажет етіп жатыр дейді олар.

«Қазір қаңғыбас ит-мысықтарды ұстауға арналған Ақтаста орын ашылды. Қазір Бадамдағы ит ұстау орнынан итттерді көшіріп жатырмыз. Қазір кастрация жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өтпеді. Сондықтан ондай жұмыстарды жүргізбей иттерді ұстауға арналған орынға апарып жатырмыз. Ол жерде ауруы бар иттер болса, эвтаназия арқылы жансыздандырып, жою жұмысы жүріп жатыр», — дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

Ал, Шаңырақтық ақсақал Оңғар Кенжаев мал қорасын дәрілеу жұмысы дұрыс жүргізілмегеніне наразы.

«Екпе салдық, малды жудық, ит ауладық деп айтып жатыр. Бірақ, ол кісілер жұмыс істеп жатқан жоқ. Қаратөбеде пункт бар. Оған барсақ ешкім болмайды. Бірнеше адам болып барғанбыз. Ештеңе орындамайды», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Оңғар Кенжаев.

«Бұл мәселе бойынша айтқанына келіспеймін. Вакцина салатын, қан алатын өз уақыты болады. Соған қарай жұмыс жүргізіліп жатыр. Кез келген уақытта жасай алмайды», — дейді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерлан Әденов.

Кездесуге келгендер жер, тұрғын үй, әлеуметтік төлемдер бойынша толғандырған сауалына жауап алғысы келген. Әкімдіктегілер ір өтініштің жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Айта кетейік, әкім қабылдауы таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жалғасты.

Exit mobile version