«Сайрам-Өгемде» Қызыл кітапқа енген қара ләйлек фототұзаққа түсті

113

«Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің қызметкерлері қорықтағы фототұзаққа түскен кадрларды жариялады. Видеода ағашқа өрмелеп, өзара алысып ойнаған сүйкімді қонжықтар, азық іздеп, үйірімен жүрген қабандар көрінеді. Ең сүйінші жаңалық – фототұзақта Қызыл кітапқа енгізілген қара ләйлек кадрға ілініпті.

– Бұл кадрлар 2024 жылғы шілдеде түсірілген. Ұлттық парк аумағында санақ бойынша 28 қара ләйлек тіркелген, – деді «Сайрам-Өгем» МҰТП-нің Жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің биологі Айнұр Дилдабаева.

«Қазақстанда қара ләйлек «Баянауыл», «Тарбағатай», «Көлсай көлдері», Қарқаралы Іле-Алатауы, Катонқарағай, Жоңғар-Алатауы, Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде және Батыс Алтай, Алматы, Марқакөл мемлекеттік ұлттық табиғи қорықтарында кездеседі. Бұл аумақтар осы сирек кездесетін түр үшін Тұрақты орта құруда шешуші рөл атқарады», — делінген ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.

 

«Сайрам-Өгем» МҰТП — Түркістан облысында, Түркістан қаласынан 280 км, Шымкенттен 70 шақырым жерде орналасқан. Парк аумағына Түлкібас, Төлеби мен Қазығұрт аудандарының табиғаты әсем жерлері кіреді. Аумағы — 149 мың га. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді.

Жәнібек Нұрыш