Úı ANONS Шетелге шығарда қолма-қол ақшаңыз 10 мың доллардан асса, айыппұл салынады

Шетелге шығарда қолма-қол ақшаңыз 10 мың доллардан асса, айыппұл салынады

фото kz.otyrar.kz

Шетелден әкелінген автокөлікті кедендік заңдастыру тәртібі қалай жүреді? Шетелге шығатын адам қанша теңге алып шығуға болады? Осы және басқа да сұрақтарға Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, кеден саласына жетекшілік ететін Ерлан Өзбеков жауап берді.

Жыл басынан бері бюджетке қанша қаржы түсті?

— 2014 жылғы 14 тамызда, яғни осыдан 10 жыл бұрын, салық және кеден органдарын біріктіру арқылы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Біздің негізгі мақсатымыз — салық және кедендік түсімдердің көлемін арттыру, көлеңкелі экономикадан арылу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы уақыт аралығында кірістер органдарымен жұмыс күшейтіліп, ауқымды іс атқарылып жатыр. Биылғы 6 айда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бюджетке 270,2 млрд теңге салық өндіріп, бекітілген жоспарды 102%-ға орындады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш өседі.

Кірістер органдары тарапынан қандай қызметтер көрсетіледі?

— Мемлекеттік кірістер органдары 42 қызмет түрін көрсетеді. Оның 25-і салық саласына, ал 17-сі кеден саласына қатысты. Бұл қызметтердің 99,6%-ы электронды түрде көрсетіледі. Дегенмен, кейбір қызмет түрлері әлі де қағаз түрінде көрсетіліп жатыр. Мысалы, жолаушылар кеден декларациясы мен көлік құралына арналған декларацияны толтыру.

Көрші мемлекет Өзбекстанды мысалға алсақ, сол елде жолаушылар құжатты электронды түрде толтырғаннан гөрі, өткізу бекетіне барып, арнайы қағазды алып, өздері және көліктері туралы мәліметтерді қолма-қол толтырып, кеден қызметкеріне тапсырады. Бұл қызметті электронды түрде көрсетуге болады. Дегенмен, бізде жолаушылардың қалауы бойынша құжаттарды қолма-қол немесе электронды түрде толтыруға мүмкіндік бар.

Шетелден жеңіл автокөлік әкелу тәртібін түсіндіріп берсеңіз…

Қазіргі таңда жеңіл автокөліктердің көбі Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінеді. Соңғы уақытта Грузия мен Қытайдан әкелінетін көліктер де көбейді. Адамдар көлікті тікелей зауыттан емес, делдал фирмалар арқылы сатып алады. Қазақстанға кіргізерде, көлікке ілеспе құжаттармен бірге транзиттік декларация толтырылады, сол арқылы көлік бізге келеді. Одан кейін тауарларға арналған декларацияны ұсынуыңыз қажет. Бұл процесс Астанадағы ақпараттық жүйеде жүзеге асырылады.

Содан кейін ақпараттық жүйе сіздің тауарыңызды дәліздерге бағыттайды: жасыл, сары және қызыл дәліздер арқылы. Егер жасыл дәліз арқылы өтсе, 4 сағаттың ішінде көлігіңізді алып, ары қарай нөмір алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бара аласыз. Егер сары дәліз болса, біз қосымша құжаттар талап етеміз. Сіз көлікті көрсетілген бағамен сатып алғаныңызды дәлелдеуіңіз қажет. Бұл үшін мемлекеттік экспорттық декларация және сол соманы төлегеніңізді растайтын банк аударымы қажет. Айта кетейін, бұл шарттар тек жеңіл автокөліктерге ғана емес, барлық тауарларға қатысты қолданылады.

Сонда қанша тауар жасыл дәліз арқылы өткен?

— Мысалы, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде 15 мыңнан астам тауарға арналған декларация ресімделген болса, оның 40%-ға жуығы жасыл дәліз арқылы өткен. Бұл – адал қызмет атқаратын сыртқы экономикалық қатысушылардың көрсеткіші. Олар өз тауарларының құнын дұрыс мәлімдейді.

Тек қана көлік емес, егер сіз Қытайдан құрылыс материалдарын не жиһаз сияқты басқа да қандай да бір тауар әкелетін болсаңыз және оның бағасы дұрыс мәлімденген болса, тауар жасыл дәліз арқылы өткізіледі. Қазіргі цифрланған заманда тауар бағасын білмеу мүмкін емес. Басқа кеден органдарымен ақпарат алмасу арқылы барлық қажетті ақпаратты білуге болады. Сонымен қатар, қай елде қандай тауардың қанша тұратыны жайлы ақпарат ай сайын жаңартылып отырады.

Шетелге шығатын адам өзімен бірге қанша ақша алып шығуға болады? Қандай жеңілдіктер мен шектеулер бар?

— Мемлекет басшысының 2022 жылғы 14 наурыздағы жарлығына сәйкес, шетелге шығатын азамат 10 мың АҚШ долларынан артық қолма-қол ақшаны алып шығуға болмайды. Бұл тексеріс әуежайдағы бақылау кеден бекетінде жүргізіледі. Жолаушылардың қателесетін бір жері — тек доллармен 10 мың алу керек деп ойлап, басқа валютамен де қосымша ақша алып шығуға болады деп түсінеді. Мысалы, адамның 10 мың доллары, 500 еуросы және 100 мың теңгесі болуы мүмкін. Есіңізде болсын, шетелге шығатын кезде сол күнгі Ұлттық банктің курсы бойынша барлық валюта есептеліп, олардың жалпы сомасы 10 мың АҚШ долларынан аспауы тиіс. Егер бұл сома асып кетсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 36 920 теңге айыппұл салынады. Бақылау әуежайда ұшудан 2 сағат бұрын басталады, сол жерде жолаушы айыппұлын төлеуге мүмкіндігі бар. Ұшаққа отырғызуға тыйым салу болмайды.

Сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатырсыздар?

— Әрине, бұл өзекті мәселе. Сыбайлас жемқорлықпен барлық орган күрес жүргізеді. 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастамасымен біздің департаментке сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар жемқорлық қатері анықталып, оларды жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мәселе бойынша департаментте тұрақты түрде кездесулер мен жиналыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, барлық бұзушылық бойынша кінәлі қызметкерлер тәртіптік комиссияның отырысына шақырылып, тиісті тәртіптік жазасын алады. Биыл мұндай жағдайлар анықталған жоқ.

Кеден саласында қызмет ететін қызметкерлер жолаушыларға дұрыс қызмет көрсетпесе, қандай шаралар қолданылады?

— Мен Мемлекеттік кірістер департаментінің әдеп жөніндегі уәкілімін. Егер әдеп кодексін бұзатын жағдайлар болса немесе шағым түсіргісі келетіндер болса, мен адамдарды әрқашан тыңдауға дайынмын. Біздің мекенжайымыз — Бауыржан Момышұлы, №27 үй. Кез — келген уақытта келіп, шағымдануға болады. Сонымен қатар, сенім телефондары да бар. Барлық өткізу бекеттерінде және тауар рәсімдейтін орындарда бұл телефондар көрсетілген. Сол телефондарға да хабарласуға болады. Егер қызметкердің кінәсі дәлелденсе, міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР

Exit mobile version