Úı ANONS 1500 қаңғыбас ит-мысық кастрациядан өтпей, бірнеше айдан бері панажайда жатыр

1500 қаңғыбас ит-мысық кастрациядан өтпей, бірнеше айдан бері панажайда жатыр

 

Шымкентте 1500-нан астам қаңғыбас ит-мысық кастрациядан өтпеген, стерильденбеген. Оған себеп мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз анықталмаған. Бұл туралы ветеринария бөлімінің басшысы айтты. Іс-шара тоқтап тұрғандықтан, 1500-нан астам қаңғыбас жануар панажайда жатыр. 

Шымкентте жыл басынан бері 1000-ға жуық баланы ит қауып, дәрігер көмегіне жүгінген. Ал қаңғыбас иттен зардап шеккен тағы мың ересек адам ауруханаға қаралған. Бұл туралы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы айтты. Ол «Аманат» партиясымен бірлескен жиында қаңғыбас жануарлардан зардап шеккендер саны көбейіп жатқанын алға тартты.

Мақсат Жақсыбаев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы: «Олар ондай препараттар пайдаланбаймыз, бізде жоқ,бізге берілмейді ондай препараттар. Жалпы алғансыздар ма десем, жылдың басында бір, аяғында бір аламыз, қалған уақытта берілмейді дейді».

Ерсін Ахметов, Шымкент қалалық “Ветеринариялық қызмет” МКК аға ветеринар дәрігері: «Ондай жағдай болуы мүмкін емес, өйткені, олардың автокөліктерінде де үнемі жүру керек. Ондай нарсені қауесет әңгіме деп санаймыз».

Шымкентте тамыз айының соңында жаңа панажай жұмысын бастап, бұрынғы тұқымбақтағы барлық жануар сол жаққа көшірілді. Жалпы Шымкентте қаңғыбас ит-мысықты аулауға республикалық бюджеттен 98 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері 18 мың қаңғыбас жануар ауланып, оның 16 мыңының көзі жойылған. Қазір панажайда 1500-ге жуық ит-мысық бар.

Ерлан Әденов, Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Емделмейтін аурулармен ауыратындары ізгілікті тәсілмен жансыздандырылады, эвтаназиялық жолмен жіберіледі. Оған ҚР тыйым салынбаған препараттар арқылы ұйықтатылады. Иттер арнайы ұйықтатылып, қала аумағында 9 биотермалық арнайы щұңқырлар бар, арнайы өлекселерді тастайтын, сол шұңқырға тасталып, залалсыздандырылып жатыр».

Мемлекеттік сатып алу арқылы жеңімпаз анықталмағандықтан бүгінде кастрациялау және стерильдеу шаралары тоқтап тұр. Ауланған соң, 3 пен 14 күн арасында қайта бостандыққа жіберілуі керек жануарлар, панажайда жүргеніне бірнеше ай болған. Қалалық ветеринария бөлімінің мамандары арыз түскен аумақтарда жануарларды аулау барысында иттердің иесі бар екені анықталады дейді. Сол себепті қала тұрғындарынан үй жануарларын байлап ұстауды сұрады.

Сонымен қатар, мамандар қаңғыбас жануарларды аулауға еріктілердің көп кедергі келтіретінін жеткізді. Жиынға қатысқан партия мүшелері алдағы уақытта зооеріктілермен де арнайы кездесу өткізіп, мәселені талқылайтын болды.

Exit mobile version