Úı ANONS Ұстаздар жалақысын кешіктіріп жатыр

Ұстаздар жалақысын кешіктіріп жатыр

Фото: Отырар.кз

Шымкентте орналасып, бірақ Түркістан облысының балансында болып келген ғимараттар қала меншігіне өтіп жатыр. Оның бірі Маржан Тасова атындағы мектеп-интернаты. Мекеме қызметкерлері нысанның ауысуына байланысты жалақысын ала алмай келген көрінеді.

Мегаполисте орналасқан, алайда Түркістан облысының балансында болып келген 7 нысанды Шымкент меншігіне өткізу туралы шешім қабылданған. Бүгінде оның 4-уі бойынша нақты шешім шыққан. Соның бірі Маржан Тасова атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған №12 мектеп-интернаты. Жаңа оқу жылында білім ұясы қала меншігіне өтуіне байланысты №3 мектеп-интернат атауын алды. Қазір мұнда 400-ге жуық бала білім алады. Мектеп басшылығы енді мегаполис балаларын қабылдағанымен, білім ұясында бұған дейін білім алып келген оқушылар да бұл мектепте оқуын жалғастыра береді деп отыр.

«Дарын мектептерінің ережесі бойынша балалар 5 немесе 7 сыныптан қабылданады. Биыл мектепке 75 бала қабылданды. Біз емтихан арқылы қабалдаймыз. Арасында балалар өз қалауымен ауысып жатады. Отбасы басқа қалаға көшуіне байланысты ауысады. Келесі жылдан бастап қала білімін көтеруге тырысамыз. Ал қазіргі оқушылар заң аясында өз қалауына қарай оқиды», — дейді Маржан Тасова атындағы мамандандырылған № 3 мектеп-интернатының директоры Ғалымжан Өскенбай.

Дегенмен мектептің қала балансына өтуі туралы Жарғының кеш шығуы мұндағы ұжымды сары уайымға салып отыр. Айтуларынша, ұстаздар тамыз айының жалақысын ала алмай жүр. Ал жауаптылар 25 қыркүйекке дейін 2 айдың ақшасы түседі деп сендірді.

«2024 жылдың 5 тамызында номері 4219 қаулысына сәйкес Шымкент қаласы білім басқармасының теңгеріміне өткен болатын. Алайда мекеме жарғысы 22 тамызда тіркелуіне байланысты мекеменің қайта тіркеу БСН-і 12 қыркүйекте шықты. Қызметкерлердің жалақысын 25 қыркүйекке дейін төлеу жоспарлануда», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Сауытов.

Қала балансына өткен нысанның бірі облыстық филармония. Мұнда 250-ге тарта маман жұмыс істейді. Мекеме басшылығы ұжымның мұрты бұзылмай, өнер иелерінің бәрі тарихы терең Шәмші Қалдаяқов атындағы өнер ордасы құрамында қалғанын айтады. Алайда ғимаратты жалға алып, жұмысты жалғастыруға мәжбүр. Себебі Түркістан өңірінде әзірге қажетті нысан салынып, қызметкерлер жағдайы әлі жасалмаған. Сондықтан өнер ұжымы Шымкенттегі әкімшілік нысанның бірін уақытша жалға алып, амалдай тұруға тура келеді.

«Бізде 247 штат бірлігі бар. Олар барсақ үйіміз де жоқ, күйіміз де жоқ не істейміз? Бала шағамыз осында, кішкене осында қала тұрсақ деген ұсынысын айтты. Шынында да барғанда мынау сіздің ғимаратыңыз, сіздің жатақханаңыз дейтін жағдай туып тұрған жоқ. Сондықтан әкімдік пен мәдениет басқармасы Шымкенттен әкімшілік ғимарат уақытша тауып берді. Тұран ауданында Водопянова деген көшеде ғимарат бар екен. Сол жерге көшейін деп жатырмыз», — дейді Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры Ғалымжан Ерназаров.

2024 жылға құрылған Жол картасы бойынша 10 нысан мегаполис балансына алыну жоспарланған. Мамандар оның 4-еуі бойынша нақты шешім шығып, қала меншігіне өткенін айтады.

«7 ғимарат қабылданып жатыр. Атап айтқанда, Маржан Тасова атындағы мектеп, Тәуке хан көшесі, Республика даңғылындағы әкімшілік ғимараттар, Алтынсарин атындағы кітапхана, филармония және өндірістік қажеттілік бойынша Абай ауданындағы теміржол желісі қабылданды», — дейді Шымкент қаласы қаржы басқармасының бөлім басшысы Бақылгүл Сапарбекова. 

Жауаптылар сөзінше ғимараттар бейінді бағыттарын сақтайды. Ол үшін бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген көрінеді.

Exit mobile version