“Ақжар” қосалқы электр станциясын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр

109
Отырар.кз

Шымкентте бес жылдан бері қосалқы станция құрылысы аяқталмай келеді. Алдымен мердігерлер кабельдік желіні төсеу кезінде қиындыққа тап болса, өткен жылы кабельдің бір бөлігі ұрланған. Ал жақын маңдағы шағынаудан тұрғындары электр қуатының ақауларына шағымдануда.

Құрсай шағынауданындағы бұл қосалқы станция 2019 жылы салына бастады. Жоба бойынша оны өткен жылдың ортасында пайдалануға беру керек еді. Бірақ құрылыс барысында проблемалар туындаған. Ұзындығы 15 шақырымнан асатын кабельдік желіні төсеу кезінде бірнеше жеке учаскелер болжамды жолды кесіп өтетіні белгілі болған. Кейбір жер иелерімен келісіп, учаскелер сатып алынған, бірақ меншік иелерінің бірі өз жерін сатудан бас тартса, кейбірі тіпті бағаны екі есеге арттырған.

Манас Тынышбек, Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы: «Кабельдер 4 учаскенің үстінен өтеді. Учаске иелерінің бірі біз ұсынған нарықтық сомаға келіспеді. Ол екі еселенген бағаны сұрады, сондықтан құрылыс ұзаққа созылды. Бұл төрт учаске бос, үйлер жоқ. Біз қазір төртеуін де сот арқылы мемлекеттік меншікке алып қойдық, енді кабель тарта бастадық».

Бірақ қазір мәселе кабельде болып отыр. Өткен жылы 7,5 шақырым кабель ұрланып, тағы 2 шақырымы жарамсыз болып қалған. Ұрлық жасағандарды ұстапты. Келтірілген шығын көлемі шамамен 900 миллион теңгені құраған.

Жасұлан Раушанбек, мердігер компанияның учаске бастығы: «Ұрлық жасағандар келтірілген залалды қалпына келтіре алмайды және қазір біздің компания өз есебінен ретке келтіріп жатыр. Біз Ресейден кабельге тапсырыс бердік, 10 қарашада келуі керек».

«Ақжар» қосалқы станциясының өзі пайдалануға беруге дайын, ішінде барлық электр жабдықтары бар. Ол екі ірі кәсіпорынды және 4 мыңға жуық абонент тұратын жақын маңдағы шағынауданды қамтуы керек. Дегенмен, қазір жергілікті тұрғындар электр энергиясының сапасына шағымдануда.

Сұлтан Ұлтарақов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үшінші жыл  осында тұрамыз, жарық әлсіз, кешке мүлдем көрінбейді».

Әкімдіктегілер мен мердігер компания өкілдері «Ақжар» қосалқы станциясы осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.