Úı ANONS Автобус жүргізушісі бақылаушыға тап берді

Автобус жүргізушісі бақылаушыға тап берді

Шымкентте қоғамдық автобус жүргізушілеріне жолаушыны билетсіз алып жүргені үшін 2500-ден астам хаттама толтырылып, 6 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Бірақ олар үшін айыппұл да тосқауыл болмай тұрған сыңайлы. Жүргізушілер жолаушылардан қолма-қол төлем жасауды сұрағанымен қоймай, енді бақылаушыларға «шабуылдай» бастаған. 

Әлеуметтік желіде тараған бұл видеода автобус жүргізушісі тексерушінің қолындағы қағазға бас салып жатқанын көруге болады. Оқиға 16 қыркүйекте болған. Диспетчерлік бақылаушының сөзінше, №66 қоғамдық көлікті тексеру кезінде 4 жолаушы жолақыны қолма-қол төлеп, бірақ жүргізуші оларға билет бермегені анықталған. Тексерушілер оның себебін сұрағанда автобус тізгіндеген ер адам боқтық сөздер айта бастапты. Онымен қоймай аялдамада жүргізуші олармен ілесіп түсіп, қолындағы қағазға жармасып, жыртып тастаған.

«№66 маршрутқа зообақ аялдамасынан тексеріп кірдік. 869 мемномер. Ішінде 4 жолаушыға билет таратылмаған. Сізге АКТ толтырылады, билет таратылмаған екен дедік те жаздық. Ол жерде де бірдеңелерді оттады аузына келгенін бізге. Түсіп жатқанымызда артымыздан ілесіп түсті ол ашуға беріліп. Қолымдағы Акт-ны тартып жұлып алды», дейді бақылаушы Гузаль Буреева.

Автобус жүргізушісі кейіннен бақылаушыдан кешірім сұрапты. Оның үстінен Акт толтырылып, көлік инспекциясына жолданған. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 623-бабына сәйкес 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Наурыз Сүгіралиев, «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ басшысы:
«Ол мәселе бойынша көлік инспециясына да ескертіліп, ол жүргізушіге өз тарапынан шара көрілді. Ол жүргізуші өз түсініктемесін беріп, кешірім сұраған болатын. Қоғамдық көлікте өкінішке қарай арасында осындай жағдайлар болып жатады. Ол бойынша бірінші кезекте көлік компаниясына ескертеміз. Көлік компаниялары да жүргізушілердің осындай әрекеттерін алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді».

Шымкен тұрғындары да қоғамдық көлік жүргізушілері жолақыны қолма-қол алып, бірақ жол билетін бермейтінін алға тартып отыр. Тіпті кейбірі билет дегенді мүлдем көрмегенбіз деп отыр.

Шымкент қаласында 11 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Келісімшарттарға сәйкес бақылау жұмыстарын диспетчерлік орталығы жүргізеді. Олар қызмет көрсету сапасын бақылайды. Егер жолаушыларды билетсіз алып жүру фактісі анықталса, тиісті акт толтырып, көлік инспециясына жолдайды.

Жыл басынан бері үшінші мегаполисте автобус жүргізушілеріне қатысты 2545 акт түзіліп, 6 млн 156 мың теңге айыппұл салынған.

Exit mobile version