Úı ANONS «Автобусты тоқтатып қойып, есікті ашпай ақша жинаған» — тұрғын

«Автобусты тоқтатып қойып, есікті ашпай ақша жинаған» — тұрғын

фото Отырар.кз

Енді автобустардағы қолма-қол төлем жүйесі түбегейлі жойылуы мүмкін. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары мәлімдеді. Себебі, қоғамдық көліктерде орын алатын келеңсіз жайттар саны көбейген. Салдарынан жолаушылар тарапынан түсетін шағымдар да артқан.

Бұл жағдай Шымкенттегі №52-ші маршрутта болған. Куәгерлердің сөзінше, автобус жүргізушісі көліктің ортаңғы есігін ашпай, қолма-қол ақша жинаған. Бейнежазба авторы мұндай келеңсіздіктің орын алуы бірінші рет емес екенін айтып, шағымданды. Ал жауапты басқарма видеодағы жүргізушіге қатысты шара көрілгенін айтты.

Сапарбек Әділ, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің бас маманы: «Әлеуметтік желіде таралған мәселе бойынша жүргізушіге тасымалдаушы компания тарапынан қатаң сөгіс беріледі. Егер бұл жағдай тағы қайталанса, жүргізуші жұмыстан шығарылады»

Бұл қоғамдық көліктерге қатысты жалғыз проблема емес. Қала тұрғыны қоғамдық көлікте болған мынадай келеңсіздікті де айтып берді. Асылбек Досалының сөзінше, №104-ші маршруттағы QR кодтардың нөмірі боялған. Яғни, штрихкодтың бетіне бір қарағанда көрінбейтін жапсырғыштар орнатылған.

Асылбек Досалы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көп байқаймын. Шымкентте автобустарда жолаушыларды QR кодпен төлетпеу үшін осылай штрихкодты бояп қоятын болып жүр. Шопыр, “QR код істемейді, «перевод» жасаңыздар, артық ақшаны қайтарамын”, — деп айқайлап отыр. Бірақ, мен бетіндегі мына кішкентай жапсырманы алып тастап төледім. Анықтап қараған адамға көрінеді, бұрышында тұр»

Тиісті басқарма мамандары бұл мәселеден де хабардар болып шықты. Проблеманы шешу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Айтуларынша, келешекте қоғамдық көліктердегі қолма-қол төлем жүйесі түбегейлі жойылуы мүмкін.

Сапарбек Әділ, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің бас маманы: «Қолма-қол ақшаны алу бойынша түрлі фактілер анықталып жатыр. QR кодты жабу немесе валидаторды өшіріп тастау сынды. Бес саусақ бірдей емес, барлық адамның ой-санасы бірдей емес. Сондықтан біз қазіргі таңда қолма-қол төлемді мүлдем алып тастау бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз»

Жауаптылар қолма-қол ақша жинаған жүргізушілерге 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын айтты. Ескеретін тағы бір жайт, жолаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес қоғамдық көліктің екі есігі де ашылуы керек.

Exit mobile version