Бозарық шағынауданының тұрғындары мәжіліс депутатына мұңын шақты

27

ҚР ПМ депутаты Нұрлан Әуесбаев қала іргесіндегі Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында коммуналдық, жер, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Халық қалаулысы кездесу барысында қала, аудан әкімдіктерінің берген уәделері жалпы ұлттық социал-демкратиялық партияның бақылауында болады деп сендірді.

«Инженерлік коммуникация кіргіземіз деп жекенің жерін алып қойып жатыр. Рейдерство емей не? «Столб» қояды да, мемлекет меншігіне изъятие дейді»

«Бозарық» шағынауданының тұрғыны Алмасхан Еспаев халықпен кездесуге арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаевқа елдімекенде туындаған мәселелерді еш боямасыз ашық жайып салды. Шағынауданда қаңғыбас иттердің мәселесі шешімін таппай келеді дейді ол.

Алмасхан Еспаев, «Бозарық» шағынауданының тұрғыны: «Парламент шығарған заң бойынша итті атқызбайды. Олар қазір мазараттағы жаңадан жерленген мәйіттерді қазып,  жеп жатыр. Ол аздай қорадағы малды тірідей талап жатыр».

Бұдан өзге жергілікті халық көшені жарықтандырамыз деген жауаптылардың құр уәдесіне тойдық деп ашынады.

Тұрғын: «1 жыл өтті ғой уәде бергендеріңе, жарық болмаған соң, кешке келіп тастай салады, қоқысқа айналды көшеміз…»

Халықпен кездесуге ақ жағалылар да қатысып, «халық көтерген түйткілдер назардан түскен жоқ, кезеңімен шешілуде» деп сендірді.

Сәрсенбек Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Процедура бар заңды рәсімдеу үшін, жобалық-сметалық құжат әзірленеді, сараптамадан өтеді. Аңырақай көшесіне  қазір міне Абай ауданы әкімінің орынбасары айтып тұр 15 қазанда жарық беріледі».

Кездесу барысында тұрғындар тозығы әбден жеткен №57 мектептің ғимараты жылдың соңына дейін сүрілетінін естіді. Бұдан бөлек, № 171 а мен № 9 бағыттағы қоғамдық көлік, балалар алаңшасы, жол, ирригациялық жүйе бойынша мәселелерді әкімдіктен бөлек жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері хаттамаға енгізді.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖҰСДП фракциясының мүшесі: «Көтерілген мәселелер жазылды мына жерде. Қала әкімнің орынбасары командасымен тұр.  Мен оларға сенемін.  Бақылауда болады».

Мәжілісмен ынтымағы жарасқан бозарықтықтарға ауызбіршілігі, төзімділігі және белсенділігі үшін алғысын жеткізді. Дәл осындай ұйымшылдықпен АЭС мәселесіне қатысты 6 қазанда өтетін референдумға қатысуға шақырды. «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаратын» кез туды дейді депутат.