Демалыс күндері ауырған науқастарға кім барады?

22
фото Ашық дереккөз

Жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін! Ал жексенбі күні шақыртуға шықпайды. Күні кеше қоғам арасында қызу талқыға түскен бұл ақпаратқа қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсінік берді.

Ведомстводағылар бұл мәліметті жоққа шығарды. Айтуынша, шақыртудың 50 пайызы 4-ші санаттағы науқастардан түседі. Сондықтан енді таңғы сағат 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін 4-ші санаттағы науқастарға тіркелген емхана қызметкерлері барады. Ал түнгі уақытта жедел жәрдем қызметкерлері көмек көрсетпек. Бұл өз кезегінде жедел жәрдем қызметкерлерін күту уақытын азайтуға көмектеседі деп сендіріп отыр жауаптылар. Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу жөніндегі бұйрық жобасы көптің талқысына ұсынылды.

Әйгерім Оразәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
«103 нөміріне қоңырау шалу арқылы барлық пациенттер шақырту санатына қарамастан толық көлемде медициналық көмек алады. Сонымен қатар, жеделдікті жақсарту үшін жұмыс уақытында шұғылдықтың IV санатындағы шақыртуларға қызмет көрсетуге медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мобилдік бригадалары тартылатын болады. Кешкі және түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуларға жедел көмек бригадалары қызмет көрсететін болады. Осылайша, азаматтар үшін ештеңе өзгермейді, бірде-бір шақырту назардан тыс қалмайды және пациенттерге қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасы одан әрі жақсарады»

Еске сала кетсек, өткен аптада Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков жедел жәрдем қызметі кешіккен соң әкесінен айырылып қалғанын айтып, Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алған еді. Қабылдануы мүмкін жаңа ереже осындай мәселелерді болдырмауға бағытталып отыр дейді ведомоства өкілдері.