Шымкент шенеуніктерінің «шегіртке» шешімдерінің бірі — күзде көше қазу

1211
OTYRAR телеарнасының видеосынан скриншот

Шымкентте жылу маусымына дайындық пен ирригация жүйелерін қою қарқынды жүріп жатыр. Мұны қала көшелерінің бойын қазып, ішкі орамда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанынан, бұзылған тротуарлардан байқауға болады. Күн ашықта шаңға, жаңбыр жауса батпаққа батып, күнделікті әбігерден әбден шаршаған тұрғындар өкіметте «қыстың қамын күзде емес, жазда ойлайтын адам бар ма» деп ашынады.

— «Нұрсәт» шағынауданындағы жолда жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары осы төңіректе тұратын тұрғындарды ғана емес осындағы жолмен қатынайтын көлік жүргізушілерін де мезі қылды.
«Көп жерде жол жөнделіп жатыр. Мына жерде кептеліс. Белгіленген уақытта діттеген жерімізге бара алмаймыз. Қазір оқушы көп. Кешігіп жатыр. Жұмыстан кешігіп жатқандар да қаншама, қала ішінде жүріп-тұру да қиын, — дейді көлік жүргізушісі Еркін.
Мектеп жасындағы балалары бар қала тұрғыны Әлия Асқарова да жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіле бастағаннан бері әбден әбіржігендерін айтты.
— Күз келді ме, жылу маусымына бір ай қалғанда қаладағы жылу құбыры өтетін бірқатар көшелер қазылатыны дәстүрге айналып барады. Міне, біз тұратын „Нұрсәт“ шағынауданындағы Назарбеков көшесіндегі саяжолдың астан кестені шығып жатыр. 4 сыныптағы баламның мектепке өзі барып келетін кезі. Қауіпті болған соң алдынан қарсы аламыз, шығарып саламыз. Ана жолы көлік кептелісінен жүру қиындағанда, 109 хабарластық. Сондағылар «102-ге қоңырау шалыңдар» деп кеңес берді. Жол патрулі келіп, сол күні жол қозғалысы реттеліп қалған еді. Жөндеу жұмыстары аяқталғанша неге бір полиция қызметкерін қоймайды. Балаларымыз осындағы № 80 мектепке барады. Әкімдікте ата-аналардың шағымына құлақ асатын адам бар ма? Өткен сайын жұмысшылардан сұраймыз, не деген бітпейтін құрылыс? Олардың жауабы: Жылу маусымына дайындық. Өткен жылу маусымы көктемде аяқталды. Барлық өңірлерде сол уақыттан келесі маусымға дайындық басталады. Неліктен шаһарда мамыр айынан, не болмаса маусымнан басталмайды бұл жұмыстар, — деп күйінеді тұрғын.

Ал тапсырыс беруші — қала әкімдігіне қарасты энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары тиісті конкурс кеш өткенін алға тартты.
— Иә, төрт мердігер қатысқан, конкурс кеш өтті. Олардың ішінен „ТаразСтрой“ компаниясы жеңіп шықты. 10 шілдеде конкурс нәтижесі жарияланды. Алайда олардың техникалық қадағалаушысы 22 шілдеде шығуына байланысты құрылыс жұмыстары сол күні басталды. Қазір жұмыс атқарылып жатыр. Кестеден аздап кешігу бар. Тұрақты бақылауда. Қала әкімінің аппарат басшысы бар, сол кісінің тұрақты бақылауында. Апта сайын жиналыс өткізіп, есеп тыңдалады, демалыс күндері нысандарды бірге аралап жатырмыз. Жұмыстар 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр, — дейді Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ерболат Мамырхан.

Басқарманың мәліметі бойынша, қаладағы 29 шақырымды құрайтын жылу жүйелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті конкурста жеңіске жеткен «ТаразСтрой-2004» компаниясына жүктелген. Оның 14 шақырымы жер астынан өткен құбыр болса, қалған 15 шақырымы жердің үстінен тартылған жылу құбырлары.
Мердігер компания «Нұрсәт» шағынауданында жұмыстың 90 пайызын бітірідік» деп есеп беріпті.
Жобалық сметалық құжатқа сәйкес, жылу маусымы алдындағы жөндеу жұмыстары 10 қазанда аяқталуы тиіс. Бірақ учаске бастығы бұл мерзімнен бұрын 1 қазанда бітіреміз деп бекініп отыр.
«Таразстрой-2004» компаниясының учаске бастығы Нұрдәулет Жұмабаев құрылыс барысында туындаған қиындықтарды да жасырмай айтты.
«Бізде материал артығымен кетіп жатыр, құрылыс жұмыстарының созылып жатқаны сол себептен. Саяжолдың бойындағы ағаштардың астында бұрынғы жылу жүйесі өткен. Жолды қазбай құбырларды суырып, басқа құбырларды қояйын десек, сол жерде лоток жоқ, бетінде плитасы жоқ, әншейін топырақпен көмілген. Топырақпен көмілген соң құбырлар ертерек шіриді. Бұрынғылар „недобросовестно“ істеп кеткен. 10-15 жыл бұрын жасалды ма, білмеймін. Біз енді саяжолдың ортасынан жаңадан жылу жүйесін тартып жатырмыз. «Брусчаткаларды» толығымен алып тастап, қазуға тура келді. Ал ағаштардың астындағы ескі жылу құбырларын екі жағынан тығындап, жауып тастаймыз», — деді ол.
Биліктегілер бастапқыда саяжолдағы жүргіншілер жолының бойынан жасыл желек болатынын ескермеген болар. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ерболат Мамырханның айтуынша, алдыңғы жылу беру маусымында уақытты созбай астынан өткізудің орнына жанынан өткізілген. «Жанындағы құбырлар алынып тасталады, мемлекетке өткізіледі».
Назарбеков көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын Зәуре ханым жасыл желек болып жайқалған саяжолда серуендегенді жақсы көреді. Көше қазу жұмыстары басталғалы зейнеткердің де мазасы қашты.
«Сабақ басталды.Не былай өте алмаймыз, жұмысшылардың көрмейсің ғой. «Отопление» жақында береді дейді. Қалай, үлгереді ме? Көк шөптің барлығын құртты», — деп налиды.
Ал мердігер «келісім шарт бойынша талапты міндетті түрде орындаймыз, саяжол, көше бойындағы қазылған жолдардың барлығын қалпына келтіреміз» деді.
Басқарманың мәліметінше, қаланың жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 838,6 шақырым. Оның 37 пайызының тозығы жеткен. Гидравликалық қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіліп, 136 ақау анықталған. Соның 126-і ретке келтіріліпті. Қалған ақауды қазанның 1-не дейін толық ретке келтіреді екен.
Ақау актісіне сәйкес, өткен қыста тесілген, тозығы жеткен шіріген құбырларды ауыстырып жатыр.
Жалпы құны 2 жарым млрд теңгеге жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарын мердігер-компания қаншалықты сапалы жүргізгенін алдағы жылу маусымы көрсетеді.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының қала әкімдігіне берген есебінде қазандықтар мен турбиналар бойынша «3-Энергорталық» АӨҚ-да қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 1074,89 млн. теңге қаржы қарастырылғаны, оның 155,69 млн. теңге игерілгені (98,2%). баяндалған.
Ал қазандықтар мен сорғы станциялар бойынша 26 бөлек орналасқан жылу қазандықтардан дайындалғаны 24 және орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциялардан 15 дайындалғаны, қалғандарында дайындық жұмыстары жалғасуда.

Анықтама
Шымкент қаласы Алдияров пен Адырбеков көшелері бойында ұзындығы 3,0 шақырым құбыр және 2 сорғы станциясы жөндеуден өтеді. Жылу жүйелерін қайта құруға жалпы бөлінген 1,9 млрд теңгенің 2024 жылға дейін игерілгені 750,2 млн. тг. Биыл республикалық бюджеттен 1,0 млрд теңге қаралған. Жобада түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің жылу маусымына дайындығына келсек, қала аумағындағы 2107 көпқабатты тұрғын үйден дайындалғаны 2023 үй (96%) және 463 бюджеттік мекеме 100 пайыз жылу қабылдауға дайын екен.

Шынар Оразова.

Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№39 санында (26.09.2024 ж) жарияланды