Úı ANONS Шымкентте 50-ден астам отбасы ақшасын төлеген пәтеріне қол жеткізе алмай жүр

Шымкентте 50-ден астам отбасы ақшасын төлеген пәтеріне қол жеткізе алмай жүр

Шымкентте 50-ден астам отбасы пәтеріне қол жеткізе алмай жүр. «2023 жылы құрылысы аяқталып, пәтер иесі атанасыз» деген жарнамаға сеніп, қаржысын төлеген тұрғындар әлі де баспанасына кіре алмай жүр. Өйткені, тұрғын үй құрылысы әлі аяқталмаған. Ал компания өкілдері байланысқа шықпайды. Тіпті берілген кепіл мерзімі де біткелі біраз болған.

«Төлей алмаймын. 19 млн. ақша салдық, жартысына машина саттық, осыған бердім үй алам дедім. Істеп жатқаны міне осы». Бұл пәтер аламын деп ақша салып, енді не үйіне жете алмай, не ақшасын қайтара алмай отырған тұрғындардың жанайқайы. 2022 жылы жарнамасы жер жарған тұрғын үй компаниясына 50-ден астам адам ақша салған. Алайда, арада 2 жыл өтсе де көпқабатты үйдің құрылысы әлі аяқталатын түрі жоқ дейді ашынған тұрғындар. Айжан Жартыбаева осы үйден 2 бөлмелі пәтер аламын деп, өзінің тұрып жатқан баспанасын сатыпты. 16 млн. теңге төлеп, үш баламмен далада қалдым деген ол, екі жылдан бері жалдамалы пәтер жағалап жүрмін дейді.

Айжан Жартыбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Өзімнің 3 бөлмелі пәтерімді салғанмын. 2023 жылдың наурыз айында бітіріп беретін болған бұл кісілер. Мен үйімді сатып, ары кетсе 5-6 ай квартирада тұрам ғой деп қаншама ақшамды осы үйге салдым. Енді мен квартирада отырмын, квартираның өзіне осы уақытта 3 млн. ақша төлеп қойдым, далада қалдым үш баламмен».

Мерғали Қалшабеков дәл осы компания ұсынған үйден 1 бөлмелі пәтер алу үшін 15 млн. теңге төлеген. 3 корпусты үйдің а блогынан пәтер иеленген азаматқа, компания үйді берілген мерзімде аяқтап үлгермейтінін айтып, келесі блокқа ауыстырып, жаңадан келісімшартқа тұрыпты. Ол үй осы жылдың 8 қыркүйегінде салынып бітуі керек болған. Себебі берілген кепіл мерзімі сол уақытта аяқталған. Дегенмен қазір үй де, ақша да, компания өкілдері де жоқ.

Мерғали Қалшабеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біреуі 50, біреуі 20 пайыз, біреуінен 100 пайыз алып, оның жартысынан көбі ипотекаға алынып, қазіргі күнде төлеп келе жатыр ипотекасын. Үйдің түрін қарасаңыздар, үй бітпеген. АО «КЖК» гарантиясы бойынша қадағаламаған. Кепіл біткен мерзім 8 қыркүйек. Ол қыркүйектің алдында желтоқсанда болу керек еді, оны екінші кварталға созып, мамыр немесе сәуірде біту керек болған. «КЖК» компаниясы 100 пайыз мемлекеттік компания болып есептеледі. 8 қыркүйекке дейін келіп әр объемды тексеру керек еді, тексерген ештеңе жоқ, үй бітіп тұрған жоқ».

Тұрғындар компания өкілдері ғана емес, кепілдік берген мекеме де хабар алмайтынын айтып, құрылыс барысына мүлдем тексеру жүргізбегеніне шағымданған соң, «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» қалалық филиалына бардық. Ондағы қызметкерлер ресми жауап беруге құзырлы емеспіз деп, басшыларына сілтеді. Ал кепілдік беретін компания өкілдері бұл жағдайдан хабардар көрінеді.

Қанатжан Кеңбаев, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ сараптама және мониторинг департаментінің бас маманы: «Біз хат жаздық, застройщикке «Кристал Шымкент» ЖШС. Обьект бітпеген, құрылыс-монтаж жұмыстар өтпеген деп жаздық. Бізге подтверждение келді. «Кристал Шымкенттен» және инженерингтік компаниядан обьект дайын емес деген хат келді. Біз өз тарапымыздан іс-шараларды жүргізіп жатырмыз. 24 қыркүйек гарантиялық жағдай жариялаймыз«.

Нұртас шағынауданында орналасқан баспанасына қол жеткізе алмай жүргендерің ішінде 12 млн. теңгеден бастап, 20 миллионға дейін қаржысын төлеп қойғандар бар. Олардың кейбірі жоқ үйдің ипотекасын әлі күнге дейін төлеп келеді. Жиналғандар құзырлы органдардың көмегіне де жүгініп, шағым білдірген. Барлығы мәселені шешуге атсалысатынын айтыпты. Алайда әзірге тек сөз жүзінде ғана.

Exit mobile version