Úı ANONS Түркістанда мектептегі жөндеу жұмысына 7,7 млрд. теңге бөлінді

Түркістанда мектептегі жөндеу жұмысына 7,7 млрд. теңге бөлінді

фото inbusiness.kz

Түркістанда 500-ге жуық нысан бой көтеріп жатыр. Оның 418-і биыл пайдалануға беріледі. Ал демалыс кезінде 22 білім ордасы күрделі жөндеуден өтті. Ол үшін 7 млрд-тан астам қаражат бөлінген.

Күнгей өңірде биыл 500-ге жуық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 22-сі қазірге дейін пайдалануға берілді. Ал 67-сі келер жылға өтпелі. Қалған ғимараттар жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

«Білім беру саласында 21 нысан. Оның 4-еуі пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін 10 нысан бітеді. Ал қалған 7 нысан келесі жылға өтпелі деп жоспарланған. Биыл 5 нысанға қаржы бөлу бойынша білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына ұсыныс енгіздік. Негізі биыл да енгізгенбіз. Қаржы қаралмады. Келесі жылға тағы енгізіп отырмыз. Ал 600 орындық 2 нысан осы биылғы жылдан өтпелі», — дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсібалиев. 

Ал 22 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ол үшін бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 7-еуі «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асса, 15-іне қаражат облыс қазынасынан қаралған. Сондықтан өңір басшысы салалық басқарма басшыларына нақты тапсырма жүктеді.

«Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар. Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуы тиіс. Бұл нысандар елдің сұранысына және өңірдің даму жоспарына сәйкес салынып жатыр. Маған бос уәде емес, нақты жоспар, жұмыс қажет», Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Осы жылы денсаулық сақтау саласында 94 нысанның құрылысы жоспарланса, қазірге дейін оның 3-еуі ел игілігіне берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 90-ын тапсыру көзделген. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 ғимарат салынуда. Сонымен қатар, аймақта 221 үй, 2469 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.

Exit mobile version