Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханаға — 10 жыл

21
ОТЫРАР

Биыл Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына — 10 жыл. Айтулы күнге орай «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты республикалық конференция өтті.

Шымкент қалалық «Әл-Фараби» атындағы кітапханаға биыл — 10 жыл. Мәдени-ағартушылық ғимарат қызметкерлері мерейтойды жоғары деңгейде атап өтті.

Мерейтой кітапхананың 10 жылдық қызметіне бағытталған «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты республикалық конференциямен басталды. Жиында елімізге белгілі ғалымдар мен профессорлар сөз алып, баяндама оқыды. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәдениеттің бұл саласына тиісті жағдайдың жасалып жатқанын айтты.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қаламыздың әкімі Ғ. Сыздықбеков та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жалпы кітапхананың, рухани дүниенің дамуына аса зор көңіл бөліп отыр. Ғабит Әбдімәжитұлы келгелі осы мәдениетке біршама қосымша қаржы бөлініп, қаншама жағдай жасалынып жатыр. Биылғы жылы біздің қаламызда бір емес бірнеше кітапхананың мерейтойы өтті»

Сәрсен Құранбек сөз соңында кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, ұжымды Алғыс хатпен марапаттады. Сондай ақ, айтулы күнде мәдени-ағартушылық мекен қоры жаңа кітаптармен толықты. Айта кету керек, бүгінде кітапханада жарты миллионнан астам оқулық бар.

Анар Жаппарқұлова, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Ұлттық кітапханадан бізге 2500 кітап сыйға беріліп жатыр. Одан бөлек электронды жеткізгіштер де бар. Сондықтан біз бүгін «байып жатырмыз» деп айтсақ болады. Рухани байып жатырмыз. Бұл бізге келіп жатқан сыйлықтардың басы. Алда бізге сыйлыққа кітап беремін деген оқырмандарымыз да, әріптестеріміз де бар»

Мәдени шара кітапхана мен кітапханашылардың қоғамдағы маңызы мен ролі, ғылым мен білімге, руханият пен мәдениетке қосып жүрген үлесін айқындау мақсатында ұйымдастырылды. Ал конференция соңы әдеби-сазды кешке ұласты.