Неке бұзылды және балалардың мекенжайы мен араласу тәртібі анықталды

21
фото Шымкент соттары

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданарарлық сотымен талап қоюшы А.-ның жауапкер С.-ға неке бұзу туралы талабы бойынша және С-ның балалардың тұрғылықты мекенжайлары мен балалардан бөлек тұратын ата-ананың кездесу тәртібін белгілеу туралы қарсы талабы бойынша азаматтық ісі қаралды.

Тараптардың некелері 2010 жылы тіркелген, араларында кәмелет жасына толмаған 4 жастан 14 жасқа дейінгі бес бала бар. Қазіргі таңда, тараптар арасында отбасылық қарым-қатынастар тоқтаған, некені сақтап қалуға мүмкіндік жоқ, тараптар некені бұзуды сұрады. Жасы кәмелетке толмаған балалардың жас ерекшіліктері ескеріліп, он жастан асқан балалар сот отырысында өз пікірлерін білдірді.
Сот, барлық мән-жайларды егжей-тегжейлі зерттеп, тараптар арасында тіркелген некені бұзу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, сот балалардың қай ата-анамен тұруға ниетін, 5 баланың заңды мүдделерін ескеріп, кәмелетке толмаған ересек 3 баланың әкесімен бірге тұруын жөн деп, ал қалған кіші 2 баланы анасының тұрғылықты мекенжайы бойынша белгілеп, талап қою ішінара қанағаттандырылды.
Оған қоса, жасы кәмелетке толмаған балалардың ата-анасымен кездесу тәртібі бойынша тараптар өзара келісімге келді, сол себепті, сот осы келісім бойынша кездесу тәртібін анықтап берді. Сот шешімі заңды күшіне енді.