Úı ANONS Қаланың қақ ортасында жолы жоқ Шапағат шағынауданында шешілмеген мәселе көп

Қаланың қақ ортасында жолы жоқ Шапағат шағынауданында шешілмеген мәселе көп

фото Отырар.кз

«Шымкенттік тұрғын жолдың үстіне үй салып көліктердің жүруіне кедергі келтіруде». Осылай деген Шапағат шағынауданының тұрғындары көршілерінің үйі рұқсат етілмеген аумақта салынғанын айтып шағымданды. Сондай-ақ, 15 жылдан бері өз күшімен көшеге тас төсеп шаршаған тұрғындар, жергілікті биліктен асфальт төсеп беруін сұрап отыр.

Қайрат Бектуғанов Шапағат шағынауданында 15 жылдан бері тұрады. Осы уақыт ішінде жолға бірде-бір рет асфальт төселмеді деген тұрғын жыл сайын көршілерімен бірге ақша жинап, өздері тас төсейді екен. Жазда шаңға, жаңбыр жауса лай-батпаққа батып қаламыз деген ол, тұрғындарды тиісті басқармаға да, әкімдікке де бірнеше рет шағымданғанын айтады. Дегенмен, Шапағаттағы басқа көшелерге асфальт төселіп, дәл осы Гүлістан көшесіне келгенде жұмыс тоқтап қалыпты.

Қайрат Бектуғанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «15 жылдай болды мұнда асфальт болған емес, басынан өзіміз төседік гравии, тас құйдық өзіміз, сонымен тұр. Қанша жаздық, айттық, ешқандай нәтиже жоқ. Былтырдан бастап кәріз құбырлары жүргізіп бастады мына жерде, одан кейін шұңқыр болады, шаң, лай болды. Одан кейін өзіміз ортадан тағы да ақша шығарып, тас төседік. Шаң, лай, балаларымыз лайға батып, шаңға батып мектепке барады. Салық төлеп жатырмыз толығымен, барлық инфраструктура бар сияқты төлеп жатырмыз. Бірақ ондай ешқандай жағдай жоқ».

Сондай-ақ, мұндағы тұрғындар көшенің басындағы басты жолға үй салынып, көліктердің жүріп-тұруына кедергі келтіріп жатқанын айтады. Сөздерінше, бұл жол бұрын шағынаудандағы көшелерге апаратын басты жол болған. Алайда, қазір бұл жерде үй салынып, жолды толық жауып қалыпты. Салдарынан, мұнда карта бойынша келген такси де, жедел-жәрдем де осы үйге келгенде тұйыққа тіреліп, дұрыс жолды таппай әбігерге түседі.

Гүлжан Әбішева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жол жабылған. Біздікі тұйық көше болып қалды. Әйтпесе мына жақта тіке жол болған еді. Өтініш жолды ашып беруге көмектессеңіздер. Былтырдан бері үйін соғып бастады. Ал бұл жерден бізде бүкіл траншеялар өтіп жатыр, газ, жарық, су өтіп жатыр. Су неше рет үзілген. Оны қосқан кезде бізге кір-кір су келеді. Арықтың суы сияқты».

Мұндағы мәселелер тек бұл ғана емес. Жиналғандар жақын аумақта бірде-бір балалар ойын алаңшасы жоқ екенін айтады.

Камила Сейсенбаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерде қанша халық тұрады. Осы балаларды ойнайтын бірде-бір алаңшасы жоқ. Әркім өзінің қорасында ойнайды. Балалардың бір-бірімен араласы жоқ. Соған балалар ойнайтын бір алаң керек».

Қаратау ауданы әкімдігі бұл мәселені шешу үшін бос жер телімі қажет дейді. Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, егер тұрғындар бос жатқан жерінің жартысын алаңша үшін сыйлауға дайын болса, келер жылы аталған мәселені шешуге болады.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Ол жерде үлкен мәселе бар, ол – бос жер табу. Шапағат шағынауданы тығыз орналасқандықтан біздің мамандарымыз, қызметкерлеріміз ол жерден өкінішке орай орын таппай отыр. Тағы да көреміз, ол жерде орын болатын болса, ешқандай мәселе жоқ. 2025 жылға салып беруге мүмкіндік бар».

Ал жол үстіне түскен үйдің жағдайымен тиісті басқарма өкілдері таныс екен. Олар, бірнеше рет шағым түскендіктен мамандар зерделеу жұмыстарын жүргізгенін айтады. Маманның сөзінше, үй иесіне айыппұл салынып, қалпына келтіру бойынша мерзім тағайындапты.

Әлімжан Ілесбеков, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: «Біз ол бойынша басқарма тарапынан АКТ толтырып, Шымкент қаласы жер ресурстарын бақылау департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде аталған мекен жайдағы тұрғынға 75 АЕК бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ, мерзім беріледі қайтадан қалпына келтіру бойынша. Яғни, қоршауды алып тастау бойынша. Егер ол көрсетілген мерзім ішінде істелмейтін болса, онда сот арқылы мәжбүрлі түрде қалпына келтіргізетін болады».

Ал Гүлістан көшесіне асфальт төсеу жұмыстары қазан айында жүргізіледі дейді мамандар.

Бағдат Орынбай, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: «Асфальттау жұмыстары бізде қазан айына жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жұмыс қазан айының басында басталады. Ол жерде бізге берілгені екі қабат асфальт жабындысы. Жұмыстарды толық аяқтау қазан айының соңына дейін жоспарлануда. Шапағат шағынауданы бойынша қазір 3 көшеге асфальттау жұмысы жүргізілді. Одан кейін осы Гүлістан көшесі, сонымен қатар, қосымша 8 көшеге асфальттау жұмысын жүргізуге қазір сатып алу конкурсын өткізіп жатырмыз».

Сонымен қатар, шағынаудандағы кәріз жүйесі жүргізілген көшелер бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттен қаржы сұрауға ұсыныс беріліп жатыр дейді мамандар.

Exit mobile version