Шымкент әкімі: Сумен қамтушы мекеме мемлекет иелігінде болғаны дұрыс

20

Шымкент әкімі алғаш рет «Су ресурстары Маркетинг» мекемесіне қатысты пікір білдірді. Ғабит Сыздықбеков мәслихат сессиясында серіктестікті жекенің қолынан екінші кәсіпкерге беру үшін қала балансына өткізбек деген әңгімеге нүкте қойды. Сөзінше, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме коммуналдық мекеме болу керек. Ал құзырлы органдар қазіргі таңда мекемеге тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр деді ол.

Шымкентте мәслихаттың кезекті отырысында шаһарды сумен қамтушы мекемесіне қатысты мәселе қозғалды. Шымкент әкімі алғаш рет осы жөнінде пікір білдірді. Мегаполис басшысы мекемені жекенің қолынан алып, басқа кәсіпкерге беру туралы қауесетке нүкте қойды. Отырыста Ғабит Сыздықбеков мекеменің мемлекет меншігінде болуы керектігін алға тартты.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мен біреуден алып, бір кісілер айтады екен, біреуден алып, басқа біреуге берейін деп жатыр өзінің» деп. Білесіздер жақсы, ондай ниет те жоқ. Бұл Президентпен тікелей келісілген мәселе. Негізі мемлекеттің иелігінде болғаны дұрыс. Тариф те түседі».

Стратегиялық маңызы бар нысан ерте ме, кеш пе коммуналдық шаруашылық балансына көшуі керек. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы жекенің қолында болған сумен жабдықтау және кәріз жүйелері де мемлекет меншігіне берілуі тиіс. Қазіргі таңда серіктестікті құзырлы органдар тексеріп жатыр екен.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Ашығын айтқанда, алынған ақша орнымен жұмсалмаған. Бәрі тексеріс аясында белгілі болады. Бәрін жариялап отырамыз. Мемлекеттен бөлінген субсидия қаражатына салынып отырды ғой. Ол дұрыс бармаған. Енді біз тексере бастап едік, жұмыстарды тездете бастады. Тез қазып, трубаларды ауыстырып жатыр».

Ал қаланы сумен қамтып отырған серіктестік басшысы барлық айыптаудың негізсіз екенін айтады. Ол барлық мәлімдемелер дәлелдермен расталуы керек деп отыр. Сонымен қатар мекеме басшысы тарифті жеке серіктестіктің бекітпейтінін айтты.

Анарбек Орман, «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС басшысы: «Тексеріп жатқаны рас. Ал бірақ әлі тексеріс біткен жоқ қой. Бітпей жатып, қалай біреуді кінәлауға болады? Қалай? Қалай айтады оны? Өзі де айтады әлі тексеру қорытындысымен таныстырам дейді. Оған дейін шыдап тұрайық та?! Алдын ала байбалам салмай-ақ , әліптің аяғын күтіп, тексерушілердің қорытындысы болатын болса, көрейік біздің қандай кемшілігіміз бар екенін?!»

Су ресурстары мекемесін мемлекет балансына өткізу бастамасын мәслихат депутаттары қолдады. Сөздеріне сүйенсек, стратегиялық нысан – жекенің қолында емес, мемлекет меншігінде болуы тиіс.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Сапалы су, таза су – денсаулықтың кепілі. Егер «Су ресурстары Маркетинг» мекемесі мемлекет тарапына өткен жағдайда тазалығына, сапасына, дезинфекциялық жұмысын жасау процесіне анағұрлым тиімді болады деп ойлаймын».

Дария Қожамжарова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Тікелей суға байланысты, оның кәріз жүйелеріне байланысты, жер асты, жер бетіндегі суларға байланысты және халықтың сұранысы тарифтердің көтерілуі деген өте үлкен бір мәселе болып тұр. Сондықтан да біз бүгінгі көтерілген мәселені толықтай қолдаймыз».

Асқар Молдабек, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Стратегиялық маңызы бар объект. Жалпы мемлекеттің бақылауында бүкіл стратегиялық нысан болу керек. Суды барлық халық тұтынады, тіршілік көзі. Егер ертең бірдеңе болатын болса, оған бір жеке мекеме немесе адам болмау керек, оған мемлекет жауапты болу керек».

Қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев бұл жағдайға байланысты серіктестік өкілдерімен онлайн дебат өткізуді ұсынды. Ал мәселе қашан, қалай шешілетінін тек уақыт көрсетеді.