Шымкентте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы екпе салына бастады

20
Отырар.кз

11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу басталды. Екпе — жатыр мойны обырының алдын алуға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қатерлі дертке душар ететін басты фактор – дәл осы вирус. Дегенмен балаларға екпе алу немесе алмау мәселесін ата-аналардың өзі шешеді. Шымкентке қанша дозада екпе келді? Мамандар не дейді? 

Шымкентте 11 жастағы қыздарға адам папилломасына қарсы екпе салу басталды. Алғашқылардың бірі болып, 5 сыныптың оқушысы вакцина алды. Жасөспірімнің анасы бұл екпе қызының болашағы үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі дейді. 3 қыздың анасы жатыр мойны обырының өршіп тұрған уақытында, перзенттерінің келешегі үшін алаңдайтынын айтады.

Индира Жанасбаева, ата-ана: «Бұл туралы мәліметті біраз уақыттан бері естіп келе жатырмыз. Болашақта қызымның жатыр бездерінде ісік болмауын қадағалап, сол үшін болашағын алдын ала ойлап, содан кейін вакцина салдыруға келісім беріп отырмын. Вакцинаның бәрін алу керек деген ойдамын».

Елімізде жатыр мойны обыры ең көп таралған ауру түріне жатады. Сондықтан биыл бұл дертті тудыратын адам папиллома вирусына қарсы екпені алу маңызды дейді ақ халаттылар. Вакцинаны егу тегін жүреді.

Дариға Қазақбаева, №1 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Бүгін біз өзіміздің емханаға бекітілген №35 мектепке екпе бригадасымен келіп, 11-13 жас аралығындағы қыздарға екпе алып бастадық. Өмір бойына иммунитет сақталады және 95 пайызға жатыр мойны обырынан, кез-келген адам ағзасы обырынан сақтайды».

Екпені ақ халаттылар әр мектептің медициналық пунктінде салады. Ол үшін емханалардан арнайы мамандар бөлінген.

Мұрат Бейсенбаев, Тұран аудандық СЭБ басқармасының басшысы: «Бірінші кезекте вакцинаның суықтық тізбесі дұрыс сақталуы біздің тікелей қадағалауымызда, бақылауымызда болады. Бөлінген емханалардың бөлінген бригадалары бар, ішінде дәрігер, тіркеуші, вакцинатор бар. Әр мектептің өзінің медициналық кабинетінде салынатын болып шешілген. Емханаға алып бармайды, егер қажет болса ғана емханаға алып барады».

Жалпы Шымкент қаласында 11 жастағы 13 мыңға жуық қызға екпе жасау жоспарланған. Екі мәрте егуге 26 000 доза вакцина бөлінеді. Бүгінгі таңда Шымкент емханаларына 11 900 доза вакцина келіп түскен.

Айта кетейік, АПВ — Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген, ол 11 жастағы қыздарға ата-аналарының балаларды вакцинациялауға келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы тіркеледі. Қатерлі дерт елімізде сүт безі обырынан кейін әйелдер арасында екінші орында тұр. Қазіргі таңда жатыр мойны обырының бастапқы профилактикасы вакцинация, екіншісі — скрининг дейді ақ халаттылар.