Шымкентте алғаш рет Yandex Qazaqstan бағдарламалау мектебі өз жұмысын бастады

54

Шымкентте алғаш рет Yandex Qazaqstan бағдарламалау мектебі ашылды. Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасындағы жаңа білім беру бастамасы, жоғары сынып оқушыларына бағдарламалау негіздерін үйренуге мүмкіндік береді.

Енді мектептегі сабақтарда балалар Python бағдарламалау тілін үйренеді. Бұл — технология әлеміндегі ең сұранысқа ие құралдардың бірі. Оқу бағдарламасы аптасына екі рет бір жарым сағатқа созылады. Сабақ барысында оқушылар негізгі ұғымдарды меңгеріп, тілдің негізгі құрылымдарымен және кітапханаларымен жұмыс істеуді үйренеді.

Жантас Әбілқасымов, Инженерлік-техникалық шығармашылық және ақпараттық технологиялардың кеңейтілген зертханасының меңгерушісі: «Яндекспен келісімге отырдық бірге жұмыс жасауға. Осы Шымкент қаласындағы бағдарламалауды дамыту жөнінде және біздің курсымыз Python бағдарламалауды үйрену. Бұл біздің мектебіміздің көрсеткіші және Шымкенттің жалпы алғанда көрсеткіші деп ойлаймын».

Бағдарламалау мектебінде оқыту тегін, ал қатысушыларды қабылдау тестілеу нәтижелері бойынша жүзеге асады. Биыл мектепке көптеген үміткер арасынан 20 оқушы оқуға түсті.

Сания Серікова, Яндекс Қазақстан өкілі: «Яндекс бағдарламалау мектебі — Қазақстанда 2017 жылы іске қосылған халықаралық жоба. Әр жылдары Алматы, Астана, Петропавл, Қостанай және Талдықорғанда оқу орындарын қамтыды, ал 2024 жылы Шымкентке келді».

Жанәлі Қуандықов үшін бағдарламалау мектебінде оқу үлкен арманға жеткізу жолындағы алғашқы әрі маңызды қадам.

Жанәлі Қуандықов, Parasat AJ мектебінің оқушысы: «Осы ІТ саласында жұмыс істегім келеді. Сол үшін үйреніп жүрмін. Мені киберқауіпсіздік саласы қызықтырады.  Алаяқтар көбейіп кетті, оны қорғау үшін киберқауіпсіздік жақсы білуіміз керек деп санаймыз».

«Бағдарламалау мектебі» жобасы Яндекс Go қолдауымен жүзеге асырылады және ол жастардың бағдарламалау дағдыларын дамытуға бағытталған. Yandex Qazaqstan бағдарламалау мектебі — бұл сіздің технологиялар әлеміне жасаған алғашқы қадамыңыз!