Úı ANONS Түркістанның экс-әкімі облыс басшысының орынбасары болды

Түркістанның экс-әкімі облыс басшысының орынбасары болды

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Нұрбол Тұрашбеков Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Аппарат мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа орынбасарды таныстырып, Түркістан облысын дамыту бағытында маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтты. Алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрбол Тұрашбеков 1980 жылы Төлеби ауданында туған. 2000 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2005 жылы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы инженер-экономист.

Еңбек жолын 2001 жылы Ордабасы ауданында жер кадастр бюросынан бастаған. 2002 жылы Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі, 2009 жылы Сайрам жер-кадастрлық бюросының директоры, 2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры, 2012 жылы (Астана қаласы) «Жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарған.

Бірнеше жауапты қызметтерде еңбек еткен Нұрбол Тұрашбеков 2017-2020 жылдар аралығында Түлкібас ауданының әкімі, 2020 — 2021 жылдары Ордабасы ауданының әкімі болды. 2021 жылдың маусым айынан бері Түркістан қаласының әкімі лауазымын атқарып келді.

Әкімдіктің мәліметінше, Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің орынбасары ретінде ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу салаларына жетекшілік етеді.

(Фото: Түркістан облысы әкімдігі)

Exit mobile version