Елімізде газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы көгілдір отынға қол жеткізген. Саладағы жұмыстар Шымкенттте де қызу жүріп жатыр. Мәселен, бүгін Шымкенттегі «Бозарық-3» шағынауданына газ берілді.
Қыстың қытымыр суығы басталмай тұрып табиғи газ қосылған елдімекендердің бірі — Қаратау ауданындағы «Бозарық-3» шағынауданы. Жұртшылық бұған дейін көмірмен үй жылытып келгендерін айтады. 10 жыл бойы қыс ауасы қатты отын тасып, ас-суын қамдаған 2 баланың анасы Ботагөз Ибрагимованың бүгінгі қуанышы ерекше.
Ботагөз Ибрагимова, «Бозарық-3» шағынауданының тұрғыны: «10 жылдан бері осы газсыз отырдық. Енді Құдай қаласа, жақсы болып кететін шығармыз. Отын шауып, сарайға жинадық. Көмір жақтық 10 жылдан бері. Енді биыл жылу қосып беремін деп жатыр»
Бүгін бұл шаңырақтағы газ мәселесімен қатар, жылу мәселесі де өз шешімін тапты. Демеушілер Ботагөз Ибрагимованың үйіне жылу батареялары мен басқа да қажетті құрылғыларды орнатып бермек. Жалпы бүгінгі шара шамамен 700 тұрғын үйдің табиғи газға қосылуына мүмкіндік береді дейді жауаптылар.
Бүгінде елді газдандыру деңгейі 60 пайыздан асқан. Мұны «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Бас директоры мәлімдеді. Ол биыл Қазақстандағы газдандыру жұмыстарына бюджеттен 200 млрд. теңге бөлінді дейді.
Бауыржан Асқаров, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Бас директоры: «Алдыңғы жылдарды айтып кететін болсақ, жылына 100 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінетін еді газдандыруға. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ол бюджет 2 есе үлкейтіп, 200 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп жатыр. Шымкент пен Алматы газдандырылған қалалардың арасында 1-ші орында тұрған қалалардың бірі»
«Бозарық-3» шағынауданына табиғи газ қосу шарасына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысты. Шаһар басшысымен кездескен тұрғындар ауыз су мен жолдың жайын да қозғады. Қала әкімі барлық жұмыстың кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын жеткізді.