«15 балаға бір кесе тамақ»: Шымкенттегі жекеменшік бала бақшалардың бірінен шу шықты

Шымкенттегі жекеменшік «Березка» балабақшасында балалары тәрбиеленіп жатқан ата-аналар арызданды. Олардың айтуынша, балабақшаның бейнекамерасын ашып, тексергенде балаларының қараусыз қалғанына куә болған. Балабақша құрылтайшысы ата-аналардың шағымымен келіседі және кемшіліктерді түзеуге уақыт беруін сұрады. Ал қалалық білім басқармасы мән-жайды тексеру үшін тиісті мекемелерге хат жолдайтынын хабарлады.

«Сары сорпа, ішінде ешнәре көрген жоқпыз. Менің қызым бір қасық сорпа ішті ғой. Наны жоқ, суы жоқ, кампоты жоқ».

Бүгін Шымкенттегі бірнеше ата-ана жекеменшік «Березка» балабақшасына барып, шу шығарды. Олардың бірі кіші топтағы қызының денесі көгергенін көріп балабақшадағы бейнебақылау камерасын ашуды талап еткен. Камера ашылғанда ата-аналар жағасын ұстап, өз көздеріне өзі сенбеген. Бір кесе тамақты бір қасықпен оннан аса балаға бөліп бергенін, балалардың жерде ұйықтағанын көргенде жаға ұстаған.

«5 минут болды кесені ұстап отырғанына. Балалар ауыздары ашылып күтіп отыр. Шәй жоқ қой, тамақтан бұрын су беру керек қой адам. Су берілмейді. Сиіп қояды деп су берілмейтін сиықты ғой».

Ас-сусыз, қараусыз қалған балаларының күйіне ашынған ата-аналар балабақшаның ішіне кіріп, тексерген. Басқасын айтпағанда, асханада жүгірген тышқанды көрген, балалардың жатын орынында нәжіс иісінен тұншыға жаздаған. Ал қабырғада 2023 жылы дайындалған ас мәзірінің ілініп тұрғанына куә болған.

Шара Өтегенова, ата-ана: «Қабырғада тұрған ас мәзірі, 2023 жылғы ас мәзірі не істеп тұр, маған жауап беріңіз. Аптечка қайда? Медбике қайда? Бала құлап қалған жағдайда зеленка, температура өлшейтін, парацтемол қайда? Сізден талап етемін, қайда? Бізден әр айдың соңында төлем сұрайды. Сәл кешіксек, бізден талап етеді. Жазба бәрімізде бар. Одан кейін өрт қауіпсіздігіне ешқандай жағдай жасалмаған. Біз келгенде газ балон тұрған мына жерде. Қазір оны реттеп қойды. Кеше жерде тамақтанып отырған балалар сіздердің келетіндеріңізді көріп бүгін столда отыр, етпен отыр. Бұған дейін біз чатта ет көрмегенбіз».

Балабақша құрылтайшысы балабақшадағы санитарлық талаптардың бұзылғаны мен балалардың қараусыз қалғанын меңгерушінің жұмыстан шығып кеткенімен байланыстырады. Әйтпегенде, балабақша барлық заң талаптарына сай жұмыс істеген дейді. Ал дәл қазір ата-аналардың шағымын растайды.

Гүлжамал Төлебекова, «Березка» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы: «Сол күннен бастап меңгеруші қарастырылып, іздестіріліп жатыр. Артынша кіші топтың тәрбиешісі жұмыстан кетеді. Өзінің үйіндегі кіші баласына қарайтын адам болмауына байланысты. Мен чатта жаза алмадым, ата-анаға хабар бере алмадым. Шарқ ұрып тәрбиеші іздедік. Ата-аналарға айттым. Кіші топтың, жақында келген тәрбиешінің бостығын, бала бұл жерде тәрбиеленіп отырғандықтан, түсінеміз жұмысбасты екенін, 1-2 күнге білікті, мықты, өз ісінің маманын қарап тауып берейін. Кем-кетіктерді реттеп берейін… Сіздер айтқан уәждің бәрін реттеуге уақыт беріңіздер дедім».

Айтса да, ата-аналар тиісті мекемелер балабақшаны тексеруді және оның заң талаптарына сай жұмыс істеп жатқанын, не бағынбағанын бақылауға алуды талап етеді. Ал кейбірі балаларын балабақшадан алып кеттіп жатты. Ал қалалық білім басқармасы ата-аналардың шағымын тексеру үшін тиісті мекемелерге хат жолданатынын мәлімдеді.

«Баланың құқықтарын қорғау және қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін арттыру қажеттілігіне байланысты Шымкент қаласының білім басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балабақша әкімшілігінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты тиісті шаралар қабылдау мақсатында Шымкент қаласының полиция департаментіне, қалалық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолданады»

Шымкент қалалық білім басқармасы

Ресми ақпаратқа қарағанда, «Березка» бөбекжай-балабақшасы 2020 жылдың тамыз айында ашылған. Онда 3 топта 72 бала тәрбиеленуде.

Дилара Иса