19 жастағы шымкенттік жігіт әскерде көз жұмды

Шымкенттік жігіт мерзімді әскери қызметте жүріп, өзіне-өзі қол жұмсады. Алайда туыстары апталдай азаматтың суицид жасады дегенге сенбейді. Ал ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Бауыр еті баласынан айырылып, көз жасына ерік берген ананың қазіргі күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі қайғыдан жүрегі езілген ол, ұлы Дінмұхаммед Шынарбектің өзіне-өзі қол жұмсағанына сене алар емес. 19 жастағы жас жігіт сыңары Даниялмен бірге Жамбыл облысы, Отар ауылдық округіндегі әскери бөлімге отан алдындағы борышын өтеу үшін былтыр күз айында аттанған. Сап-сау кеткен баласы үйіне табытпен оралды. Туыстарының айтуынша, әскерде егіздерді борышын өтеуге екі бөлек жіберген. Яғни, Дінмұхаммедті ант қабылдаған соң, Мәтібұлақтағы 01098 әскери гарнизонына ауыстырған.

Тоқжан Ботабекқызы, марқұмның әпкесі: «Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, мынау сіздің армияңызда не болып жатыр? Аналар баласыз қалып жатыр. Қыршын жастар өмірден озу керек пе? Не болып жатқанын білесіз бе? Қызметкерлердің деңгейі жерде тапталып жатыр ғой. Неге бұл бақылауға алынбайды? Министр мырзалар, неге бұлардың барлығы қараусыз қалуы керек? Аналар, балаларыңызды ешқайда жібермеңіздер. Көзіміз жетті. Армия түзелді деп ойладық».

Гвардейск гарнизонының 01098 әскери бөлімінің қызметкерлері туыстарына тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Олар да сарбаздың бұл қадамға не себепті барғанын білмейтінін жеткізген.

«Біз ештеңені жасырмаймыз. Біз де түсіне алмай тұрмыз».

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Ақпаратқа сәйкес, жас сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

«2025 жылғы 17 қыркүйекте Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсады.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі».

ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі

Марқұм Дінмұхаммед Шынарбектің туған жері – Шымкент қаласы. Ол жақында ғана 19 жасқа толған еді. Айта кетейік, әскерге шақыртуды Астана қаласынан алған. Ағасы Даниял Талғатұлы күзде әскерге аттанса, бауыры көктемде отан алдындағы борышын өтеуге кеткен.

Нұргүл Жолымбетова