«Шілде айының ақысын қыркүйекте аудардық»

Шымкентте қосымша тегін білім беру ісінде дау әлі тоқтамай тұр. Өткен аптада бір топ кәсіпкер қала әкімдігіне барып, шу шығарған. Ал қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кез-келген жаңа жоба дау-дамайсыз болмайды дейді.

Шымкентте қосымша білім беру ісі цифрландырылып, ваучерлік жүйеге өтіп жатыр. Бұған қатысты наразылықтар туындаған. Бұл туралы қалалық өңірлік комуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Оның сөзінше, кез-келген жаңа жоба ешқандай кедергісіз жүзеге аспайды. Десе де Қазақстанда қосымша тегін білім беру жобасына 6 аймақ қатысса, оның ішінде Шымкент қаласы оқ бойы озық тұр.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Кедергілер әрине бар. Біз шілде айының осы кәзір қыркүйек айында аударып үлгердік. Тамыз айын әлі аударып жатырмыз. Алгоритм бойынша әр айдың 18-іне дейін ақша аударылуы керек. Табель тексеріліп болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде біз кідіріп қалғанымыз рас. Бірақ бұған не себеп болды? Бұған бірнеше себеп бар. Бұрын бір бала бірнеше орынға, тіпті 7 орынға дейін тіркеліп тұрғандығын, олардың сабаққа барған, бармағандығын біздің бақылай алмағандығымыз туралы біз айттық. Осы, дубль, қайталануды жойдық».

Қала әкімінің айтуынша, бұрынғы жүйе бойынша бақылау ата-аналар емес, тек өнім жеткізуші мен тиісті басқарма тарапынан жасалған. Ал жаңа жүйеде ата-аналардың бақылауына мүмкіндік берілген.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өнім жеткізушілердің тез арада ата-аналармен байланыс орната алмағандығы, бір табельдің бірнеше рет қайталануы, кей ата-аналардың келісім бермеуі, тіпті мемлекеттік мекемелердің жүзеге асырып жатырмыз ғой қазір. Ол жерде де айтылып жатқан уәждер бар. Біз ата-ананы қоямыз десек, 1414-тің бізге не керегі бар деп ата-аналар қызметімізден бас тартып жатыр деп оқушылар сарайының бір басшысы айтып отыр. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, балаларыңыз тегін үйірмеге баратын болса, мемлекет тегін қамтамасыз етіп отырса, ол үйірме өте қызықты балаға қолайлы, көңіліне жағатындай өзіне ұнайтындай болатын болса, қай ата-ана ондай тегін үйірмеден бас тартады? Бұл да қисыны келмейтін сөз деп түсінеміз. Яғни, біздің мемлекеттік мекемелерде де дұрыс емес ақпараттар толтырылған. Сол ақпаратты біз малданып, пайдаланып жүргендігіміз көрсетсе керек».

Сәрсен Құранбек қосымша тегін білім үшін тамыз айының ақысы алдағы аптада толық төленеді деп уәде етті. Ал қазан айының басында қыркүйек айының төлемі жедел жасалады деді. Оның сөзінше, ескі жүйе кезінде қосымша тегін білім алуға 44 мың бала тіркелген. Жаң жүйе енгеннен кейін олардың саны 11 мыңға азайған.

Дилара Иса