Шымкенттік есепші 30 жылдан астам уақыт бойы құсбегілікпен айналысып келеді. Ол өзінің үйінен құстар мекенін ашқан. Қазіргі таңда, 100 -ден астам құсты күтіп-баптап отыр. Сырлан Тәшімбетов үшін құстар, жай ғана хобби емес. Ол әр құстың мінезін, сүйікті жемін, тіпті ерекше қылықтарын да жақсы біледі. Тіпті, олардың тұқымын көбейту жолдарын да толық меңгерген.
Сырлан Тәшімбетовтің құстарға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты өте ерекше. Ол Шымкент қаласындағы үйінің шағын ғана бөлмесін ылғалдандыру мен желдетудің қажетті жүйесімен жабдықтап, нағыз құстар мекеніне айналдырған. Бұл жерде канарейка, бұлбұл, амадин, шымшық және сирек кездесетін гибридтер өмір сүреді. Сырланның құстарға деген қызығушылығы алты жасында пайда болған. Ол, сол уақытта Кеша есімді тотықұсты базардан сатып алған.
Сырлан Тәшімбетов, Құсбегі: «Құстармен айналысып жатқаныма 36-37 жылдай болды. Алты жастан бастағанмын. Құстарға деген қызығушылығым бұрыннан болған деп ойлаймын. Бізде 90 жылдары «Озера» деген базар болатын. Сол жерде ата мен апа тотықұс сататын. Солардан маған әкем тотықұс сатып әкеліп берген. Қазір 100-200 дей құстар бар. Негізі қыста, көктемде көбейткен дұрыс».
Жылдар өте келе құстар бір-бірімен дос болып қана қоймай, өзара жұптасып, ұрпақ өрбітеді. Осылайша жаңа ерекше түрлер мен түстер пайда болады дейді құсбегі.
Сырланның торлары мен вольерлерінде тіпті жабайы құстар да өмір сүреді. Бұл — мегаполис көшелерінен ұсталып, базарларда сатылған жергілікті құстар. Жүрек қалауымен оларды сатып алып, емдеп, кейбірін еркіндікке жібереді. Құсбегінің айтуынша, хобби қалтаға салмақ салғанымен, құстардың әні мен олардың шиқылы жанға ләззат сыйлайды екен. Мұны оазисте жұмыс істейтін қызметкерлерде растап отыр.
Гайрат Сайдахматов, құсбегі: «Бұл хобби десем де болады. Мен осында жұмыс істеймін. Осында келіп, жаным жай табады. Негізігі жұмысымнан соң, осында келемін. Хоббиге айына шамамен 10 мың теңге жұмсаймын. Әрбір құстың өзінің ерекшелігі бар. Әр құстың өз бағасы бар. Кейбірі пародасына қарап қымбат болады. Құстарға қарау қиын емес. Тек суын уақытында ауыстырып, жемін беріп тұрсаңыз болады».
Құстарға әуес жандар бүгінде қалада көп болмаса да, бір-бірімен байланысып, тәжірибе бөлісуді әдетке айналдырған. Құс өсірушілердің айтуынша, бүгінгі таңда Шымкентте шамамен 500-ге жуық құсбегі бар. Егер Қазақстанда арнайы ұйым құрылып, барша құс өсірушілер бір орталыққа бірігетін болса, бұл сирек құстардың сақталуына, әрі халықаралық көрмелерге қатысу арқылы ел атын шығаруға үлкен мүмкіндік болар еді дейді мамандар.
Нұргүл Жолымбетова