Түркістанда 500-ге жуық ойын сайты анықталды

фото ТОӨКҚ

Түркістан облысында құмар ойынына тоқтам болмай тұр. Жыл басынан бері аймақта ойын бизнесін ашқан 5 адам ұсталған. Оған қоса 500-ге жуық ойын сайты бұғатталған. Әлеуметтік желілерге заңсыз лотерея ұйымдастырушылар мен онлайн казиноны жарнамалағандар да жауапқа тартылып жатыр.

Өткен тоғыз айда Түркістан облысында заңсыз ойын бизнесімен айналысқан 5 ойын залы анықталып, жұмысы тоқтатылды. Ойын бизнесін жүргізгендердің бәріне қатысты қылмыстық іс ашылған. Қазіргі уақытта іс түгел сотқа өткен. Оған қоса әлеуметтік желілер арқылы заңсыз онлайн-казино ашқандар да құрықталды. Бұл туралы өңірлік комуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Жанболат Тұрапбай хабарлады.

Жанболат Тұрапбай, Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі: «Құмар ойынына тәуелділік бұл бір адамның ғана емес, бүкіл отбасының мәселесіне айналуда. Өкінішке қарай бұл індет жасарып бара жатыр. Жастар мен студенттердің өзі құмар ойынының құрбаны болуда. Заңсыз ойын саны азайғанымен, интернетпен жұмыс істейтін платформалар көбеюде. Бұл құқық қорғау органдары үшін де, қоғам үшін де күрделі мәселе».

Қазақстанда онлайн казино бизнесін ашу не оны жүргізуге заңмен тыйым салынған. Ал өткен жылы бұл ойын түрін жарнамалағандардың өзі жауапкершілікке тартылатыны анық болды. Дегенмен, заңбұзушылық тыйылмай тұр. Жанболат Тұрапбайдың айтуынша, биылғы жылдың осы күнімен есептегенде 500-ге жуық заңсыз ойын сайты анықталып, бұғатталған.

Жанболат Тұрапбай, Түркістан облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі: «Инстаграм парақшасы заңсыз ойын казиносын жүргізген адамдар құрықталып, іс сотқа жіберілді. Және 500-ге жуық заңсыз ойын сайттары бұғатталып, әлеуметтік желілерге заңсыз лотерея ұйымдастырушыларды және онлайн казиноны жарнамалаған тұлғаларды жауапқа тарту үшін ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің бірнеше әлеуметтік парақшалардың тізімі жіберілді. Бірақ бұл біз үшін жеткіліксіз. Бастысы алдын алу мен түсіндіру. Жастарға ойынның артында қандай қауіп жатқанын ашып айтуымыз керек. Мектеп, колледж, университеттерде нақты мысалдармен жұмыс жүргізу маңызды».

Ресми мәлімет бойынша, биыл онлайн-ойындарды жарнамалауға қатысы бар 34 блогер анықталған. Олардың 11-іне әкімшілік шара қолданылған. Қалғаны контент жасауға қатысқан. Оларға шара қолдану үшін іс материалдары мәдениет министрлігіне жолданған.

Дилара Иса