Úı ANONS Білім мен инфрақұрылым мәселесі назарда

Білім мен инфрақұрылым мәселесі назарда

Қала әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Еңбекші ауданында жалғасты. Шаһар басшысы Қойгелді батыр көшесінің тұрғындарымен жүздесіп, оларды толғандырған мәселелерді тыңдады. Кездесу барысында жол инфрақұрылымы, көше жарығы, қоғамдық көлік қатынасы және абаттандыру жұмыстарына қатысты сауалдар көтерілді. 

 

Қойгелді батыр көшесінің тұрғындары алдымен әкімге алғысын білдіріп, соңынан сұрау толы сауалдар жолдады. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі балалардың қамы деп дабыл қақты. Бірі ойын алаңшасын сұраса, енді бірі білім ұясын салып беруді сұрады. Ал, кейбір тұрғындар биыл мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндерін мектепке қабылдамай жатыр деп шағымданды.

«67 мектепке биыл 60 бала мектеп табалдырығын аттайтын балаға, мектепке қабылдауға рұқсат жоқ деп оқу білім басқармасы шешім беріпті. Не себепті қабылданбайды?».

«Түсініспеушілік болған. Қабылдайды. Барыңыздар. Ешкімнің құқығы жоқ қабылдамауға».

 

Осылайша қала әкімі бұл мәселенің тігісін жатқызып, тұрғындарды қуантып қойды. Сонымен қатар тұрғындар Жастар көшесі маңындағы бірнеше гектар бос жерді тиімді пайдалану мәселесін де көтерді.

Түрменің қасында 4-5 гектар жер бар. Сол жерде жастар көшесінің игілігіне мектеп, парк салып беріңіздер деп айтқан едік. Парк пен балабақша басталды. Балаларымыз 64-65 мектепте оқиды. Кешке аман есен келсе екен деп отырамыз».

«Түрменің жаны болған соң, мектеп сала алмаймыз. Ол жерге комиссия басқарманы барлығын шақырдық. Ол жер білім ошағын салуға сәйкес келмеді.  Түрмені қорғау аймағына жатқандықтан, тура келмейді. Осындай бір кездесуде балалар алаңшасы мен аллея сұраған едіңіздер, оны салып жатырмыз».

Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көкейдегі сауалдарға жауап берген қала басшысы көтерілген мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Нұргүл Жолымбетова