Еңбекші ауданына қарасты Оңтүстік шағын ауданының тұрғындары инфрақұрылым мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, кейбір көшелерге асфальт төселмегендіктен, аймаққа жедел жәрдем кіре алмай отыр екен. Сондай-ақ, кейбір тұрғындардың баспанасы қызыл сызыққа түсіп, не үйін сата алмай, не бұзып, жаңа үй сала алмай отырғанын жеткізді. Бұл проблемалар қалай шешілді? Алдағы бейнематериалда.
Оңтүстік шағынауданының тұрғыны өз көшесіндегі жол мәселесін жеткізді. Айтуларынша, көшенің бір бөлігіне ғана асфальт төселіп, аз ғана бөлігі жарамсыз күйде қалып қойған. Салдарынан, көшеге жедел жәрдем көлігі жете алмай, тұрғындар уақытылы ауруханаға бара алмай отырмыз деп шағымданды. Ал, қала әкімі бұл мәселе алдымен бас жоспарға сәйкестігі тұрғысынан қаралуы қажет екенін айтты. Оның сөзінше, тұрғын үйлер заңдастырылып, тиісті құжаттары рәсімделген жағдайда жол салу мүмкіндігі қарастырылады.
«Бадам 1 откормсовхоз деген бар екен. Забадам артында орткормсовхоз деген, 195 квартал. Маған дейін асфальт қылды да, 200 метрге тас төгем деді де төкпеді».
«Басжоспар бойынша көру керек. Алдымен үйіңіз көрінбесе жол сала алмаймыз. Қазір мамандар тексеріп көрсін. Егер болатын болса, биылдан қалдырмай салып беріңіздер».
Кездесуде қызыл сызық мәселесі де көтерілді. Бадам өзенінің бойында тұратын тұрғындар бірнеше жылдан бері белгісіздік жағдайында өмір сүріп жатқанын айтты. Себебі аумақ болашақ жол құрылысына байланысты қызыл сызыққа енгізілген. Соның салдарынан тұрғындар баспаналарын кеңейтуге немесе жаңа құрылыс жүргізуге мүмкіндік таппай отыр.
«Біз Бадам өзені бойында тұрамыз. Еткомбинатқа дейін жол түседі деп, бізді қызыл линияға қойып қойған. Сол Бадам абаттандырылған жоқ. Мына жағы жасалғаны жасалды. Сол мәселе қызыл сызықтан алынады ма? Жұрт қатарлы үй саламыз ба, бұзамыз ба, мүмкіншілік болмай жатыр».
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Тек қана сіздің ауданыныз емес, барлық жерде, керегін алдырып, керек емесін алдырып жатырмыз. Генпланға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Сіздің көшеңіз бойынша басқарма басшысы айтып жатыр. О да қойлып кеткен. Алдырып жатырмыз деп. Қазір барып түсіндіріп айтып береді».
Қала басшысы тұрғындардың көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтіп, шаһардың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, азаматтардың ұсыныс-пікірлері алдағы жоспарларды қалыптастыру кезінде ескерілетінін айтты.
Нұргүл Жолымбетова






