Спорт үйірмелері жетіспейді

33232
жеке жаттықтырушыда жаттығатын жасөспірімдер

 Қазақстанда 3 миллионнан аса оқушы бар. Олардың небәрі 20 пайызы спорт үйірмелеріне қатысады. Шымкентте 104 мыңнан аса оқушы болса, оның жеті-ақ мыңы спортпен шұғылданады. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Әлі де болса спорт үйірмелері жоқ, қарапайым спорт алаңдары мен спорт құрал-жабдықтары жетіспейтін мектептер жетерлік.

Шымкентте 11 спорт мектебі бар. Спортқа жаны жақын бала соның қалағанына баруына болады. Оған спорттың бірнеше түрімен жұмыс істейтін 35 үйірмені тағы қосыңыз. Жеті мыңға жуық оқушының спортпен айналысуы үшін қалалық бюджеттен қомақты қаржы да бөлінген. Бұл көрсеткіш осыдан екі-үш жыл бұрын екі есе аз болған еді. Десе де салауатты өмір сүруге бет бұрып, Елбасының өзі талап ете бастаған шақта спорт мектептері мен үйірмелердің, спорт алаңшаларының аздығы тайға таңба басқандай байқалады. Оның үстіне спорт мектебінде оқимын дегендерге де орын шектеулі.

Асқар Сүгіралиев, бөлім басшысы
Асқар Сүгіралиев, бөлім басшысы

Асқар Сүгіралиев, қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы: «Спорт мектептеріндегі орын саны шектеулі. Бірақ қалған үміткерлерді резервке аламыз. Спортпен шұғылданатын оқушылардың біразы мектептен шығып кететіні де бар. Алдағы уақытта тағы екі мектеп ашатын жоспарымыз бар. Мысалы үшін, белтемір көтеру бойынша ауыр атлектика мектебі. Содан соң хоккей бойынша клуб ашамыз деп жатырмыз.»

жеке жаттықтырушыда жаттығатын жасөспірімдер
жеке жаттықтырушыда жаттығатын жасөспірімдер

Каратэ үйірмесіне қатысатын біраз  балалар бар. Ол үшін ақы төлеу қажет. Үйірмеден түскен қаражат спортпен айналысуға жағдайы жасалған ғимаратты жалдауға жетпейді. Сондықтан жаттықтырушылар мен шәкірттер №37 мектептің ескірген спорт залында жаттығады. Онда да сағат кешкі жетіден кейін. Қаланың шетінде орналасқан шағынауданда басқа спорт үйірмесі жоқ.

Равшан Машатов, жаттықтырушы: «Жаттығу аптасына үш рет өтеді. Балалардың әрқайсысы айына 2 мың теңге төлейді.»

Ал бар мүмкіндік жасалған Мұз сарайында хоккей клубын ашу көзделгені есімізде. Алайда ол мектеп әзірге алыстан бұлдыраған сағымдай боп тұр. Мұнда нағыз ерлердің ойынына құмартқан 200-дей оқушы тіркелгенімен, жыл соңында олардың жартысынан көбі кетіп қалады дейді мамандар.

Жанат Байдеуов, хоккей үйірмесінің жаттықтырушысы: «Кетіп қалатын оқушылар көп. Келеді, кетеді. Сосын айтарымыз, облыста бұл спорттың түрі онша дамымаған. Түсінбейді де тастап кетеді.»

2012 жылы облыста 3,5 мыңнан аса спорт алаңшалары болған. Биылғы алты айда оның саны үшеуге көбейген. Дегенмен, бұл көрсеткіш облыс басшылығын қуанта қоймады.

Бұл саланың кемшілігін республикалық спорт агенттігінің басшылары да сынға алған болатын. Бұқара халық арасында спортты дамыту керек деп елдің қызығушылығын оятқанмен, оған жағдай жоқ.