Сарыағашта төменгі сынып оқушысын пышақтаған жеткіншек ұсталды

359

Сарыағаш ауданының тәртіп сақшылары өдам өлтірді деген күдікпен 17 жасар жеткіншекті ұстады. 2 қараша түні сағат 23.00 шамасында аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне аудандық ауруханадан суыт хабар түседі.

Дәрігерлердің хабарлауынша, жан сақтау бөліміне пышақталған дене жарақатымен жас жігіт жеткізілген. Өкінішке орай бозбала ауыр жарақат салдарынан қайтыс болыпты.

Кейінірек марқұмның 16 жасар Сарыағаш ауданының тұрғыны, жергілікті мектептердің бірінің 10 сынып оқушысы екені анықталды.

Бұл факті Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша (Адам өлтіру) қылмыстық іс қозғалды.

Оқиға орын алған жерге жедел жеткен полиция қызметкерлері аталған ауыр қылмысты жасады деген күдікпен 17 жасар жеткіншекті қолға түсірді. Ол марқұм оқушымен бір мектепте, 11 сыныпта оқиды.

Айғақ зат ретінде пышақ тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қылмыстың орын алу себептерін анықтауда. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.