М. Исахов өмір бойы мемлекеттік қызметке кіру құқығынан айырылды

1

Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты сот үкімі шықты. Ол экс-шенеунікке 200 мың АҚШ долларын пара ретінде беруге оқталды деп айыпталып, 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар судья шешімімен сотталушыны мемлекеттік орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасарына қатысты сот отырысы аяқталды. Мақсұт Исахов ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара беруге оқталды деген айыппен 8 жыл 5 ай 7 күнге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, судья ҚР Президентіне сотталушыны «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізіп, қалалық әкімдікке жеке шешім шығарды.

«М.П. Исаховты аса ірі мөлшерде пара беруге оқталу бойынша кінәлі деп тауып, ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігін, 56-бабының 3-бөлігін қолдана отырып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты істі қарау барысында сот Шымкент қаласы әкімдігіне жеке қаулы енгізу қажет деп санайды. «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының №8 нормативтік қаулысының 1-тармағына сәйкес, ҚР заңына кері әсер ететін сыбайлас жемқорлыққа байланысты істі қарау кезінде анықталған себептер мен шарттарды жауапсыз қалдыруға болмайды», – дейді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинұр Қарабаев.

Мақсұт Исахов денсаулығына байланысты үкімді онлайн тыңдады. Қорғаушының өтінішімен эмоцияға ерік берген сотталушы мен оның жұбайын түсіруге рұқсат берілмеді.

Бұған дейінгі сот отырысында күдікті тәркіленген ақшадан өз саусақ белгісі табылмағанын айтқан еді. Алайда судья оның кінәсі аудио және видео жазбалар негізінде анықталғанын айтады.

«Ол ақшаны інісі арқылы беріп жіберген. Інісі алып, досына берген. Ақша салынған пакетті ол бала дүкенге апарған сәті видеоға түсірілген. Пара берген 1-ақ адам. Пара беруге оқталған Исахов», – дейді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Абинұр Қарабаев.

Айта кетейік, Исаховты 2023 жылы 20 шілдеде кәсіпкердің арызымен ҰҚК-нің қалалық департаменті қамауға алған еді. Оның үстінен қозғалған іс бірнеше рет қысқартылып, соңында экс-шенеунікке 200 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруге оқталды деген айып тағылды.

Ал тәркіленген қаражат мемлекетке тапсырылды. Сотталушы Мақсұт Исахов жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болады. Ал сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.