Шымкентте қардан жасалған қала пайда болды. Ол 50-ге жуық түрлі образды пішіндерден тұрады: қарлы әжей мен ханшайым және көптеген ертегі кейіпкерлері. Мұндай скульпторлық дүниені жасап шығу үшін бірнеше тонна қар кетіпті.
Балалардың қиялындағы бұл пішіндер көпшілік алдында олардың бақылауымен жасалынды. Қардан жасалған қаланы шымкенттік бүлдіршіндер бірнеше күн бойы тұрғызыпты. Біз барғанымызда балалар қар ханшайымын күзеткен ертегі арыстан мүсінін жасап жатыр екен. Соңғы қызықты әрі күрделі жұмыстарды аяқтаған соң ,олар жасаған дүниесін қызықтауға көшті.
«Біз қардан кәмпит жасадық. Өте әдемі шықты. Енді біз қонақтарды өзіміз жасаған сиқырлы қалашығымызға шақыра аламыз»,-дейді Богдан Соболев.
Қарлы әжей құрбыларын шайға шақырады. Ал жанында кішірек қардан жасалған тұрғындар тұратын ауыл бар. Арина Моисеева сиырдың мүсінін жасауға көмектесіпті. Ұқсамайтын тұстары да бар дейді жас шеберлер. Бірақ оған қараған балалр жоқ.
«Біздің қарлы әжейіміз өте әдемі болып шықты. Біз оған орамал мен мойынорағыш тағып қойдық. Ол енді бізге күн сайын күлімдей қарап тұрады»,- деп, өз қуанышымен бөлісті Арина Моисеева.
Ал қар қаласынан тек кішкентай балақайларды ғана емес, ересектерді де кездестірдік. Олар жас шеберлердің еңбектерін тамашалауға келіпті. Өкініштісі сол, бұл қызықтарды ұзақ уақыт бойы қызықтай алмайсың.