Асқар Көлбаевқа қатысты әкімшілік соттың шешімін облыстық прокуратура өзгеріссіз қалдырды

Нұржан Сейдалиев, ОҚО прокуратурасы, қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы
Нұржан Сейдалиев, ОҚО прокуратурасы, қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы

Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 16 жасар қызды қағып өлтіріп, рақымшылық заңына іліккен полицей көлікті басқару құқынан екі жылға айырылғандығы жайлы шешімін облыстық прокуратура зерделеп, онымен келісетінін жариялады.

Еске салайық, таяуда Шымкентке келген Парламент сенатының төрағасы Қайрат Мәми облыс прокуратурасына осы мәселе бойынша заңдылықты қадағалауды тапсырған болатын.

Нұржан Сейдәлиев, ОҚО прокуратурасы, қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы: «2012 жылдың 30-қаңтарында Асқар Көлбаевқа қатысты әкімшілік іс материалдары Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, ол әкімшілік кодекстің 467-бабының 1-бөлігіне сәйкес танылды. Ол бойынша А.Көлбаев 2 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айрылған. Әзірге бұл шешім заңды күшіне ене қойған жоқ. Шығарылған шешімнің заңдылығын прокуратура мамандары зерттеп, зерделей келе, бұл шешіммен келісетінімізді айтқымыз келеді».

Жадыңызға тағы да түсірсек, өткен жылдың қараша айында бұрынғы аға криминалист Асқар Көлбаев Қонаев даңғылы бойында жолаушылар жолымен кетіп бара жатқан қызды масаң күйде асқан жылдамдықпен қағып кетіп, жасөспірім тіл тартпай кеткен болатын. Артынша, Рақымшылық заңына ілігіп, негізгі жазадан құтылған полицейдің ісі қоғамда үлкен пікір тудырған еді.