Былтыр Түркістан қаласы ҰБТ бойынша артта қалса, Кентау шаһарының жұмыспен қамту ісінде шикіліктер көп. Бұдан басқа да кемшіліктер жетерлік. Бұл ақпарлар 2011 жылды қорытындылаған аудан әкімдерінің есептері кезінде айтылды. Бірақ, неге екені белгісіз, облыстағы 15 аудан басшыларының жылдық қорытындысы БАҚ өкілдерінсіз тыңдалуда. Алғашқы есепті Түркістан мен Кентау қалаларының әкімдері бастады.
Мәселен, Кентауда апатты жағдайдағы көпқабатты 12 үйдің жарым бөлігі мүлдем жарамсыз. Әрі тұрғындарды жұмыспен қамту ісінде де ілгерілеушілік жоқ. Ал мемлекетке қайтарылуы тиіс жер телімдерінің ісі жоспарында жаңылыс көп. Бірақ 2011 жылы еңсерілген іс те жоқ емес.
Нұржігіт Қалмырзаев, Кентау қаласының әкімі: «Кентау қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,4 мирд. теңгені құрап, 957,3 млн. теңгеге ауылшаруашылық өнімдері өндірілді.
Өткен жылы негізгі қорға бағытталған инвестиция 2190,4 млн. теңгені құрап, оның ішінде тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция 2,4 есеге артқан. Соның нәтижесінде, Кентауда 12017 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Салықтар мен басқа төлемдердің есебінен мемлекеттік бюджетке 1348,3 млн., жергілікті қазынаға 741,4 млн. теңге түскен.
2011 жылы жұмыспен қамту органдарына 3257 адам өтініш білдіріп, оның 1539-ы тұрақты жұмыспен қамтылып, жаңадан 735 жұмыс орны ашылды.
«Балапан» бағдарламасы бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 52 пайызға жетіп Ал Түркістанның абыройын түсіріп тұрған түйткіл өткен жылдың тестілеу қорытындысы. Демек, киелі қаладағы білім беру сапасы әлі күнге дейін жолға қойылмаған деп тұжырымдауға болады. Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік, сондай-ақ, денсаулық саласында да біршама жетістікке жеттік деген аудан басшысы ауылшаруашылық ісінде біршама істің басын қайырыпты.
Қайрат Молдасейітов, Түркістан қаласының әкімі: «Түркістан қаласы бойынша өткен жылы жалпы өңірлік ішкі өнім 27 пайызға артып, 49 млрд. 755 млн. теңгені құрады.
Өнеркәсіп саласында өнім көлемі 6 млрд. 509 млн. теңгеге жетіп, 5 пайызға артып отыр. 16 млрд. 74 млн. теңгеге ауыл шаруашылығының өнімдерін өндірдік. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру 120 пайызға орындалып, сыйымдылығы 7 мың тонналық қойма салғыздық. Салықтар мен басқа төлемдердің есебінен мемлекеттік бюджетке 2380,5 млн., жергілікті қазынаға 1369,7 млн. теңге түскен. Жұмыспен қамту органдарына 2325 адам өтініш білдіріп, 2317 азамат тұрақты жұмыспен қамтылуда. 2011 жылы 10 балабақша, 28 шағын орталық пайдалануға беріліп, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 50 пайызға жетті. Денсаулық сақтау саласыда екі ФАП салынып, екі елді мекеннің дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өтті. 15 елді мекендегі ауыз су құбырларының жұмыстары аяқталып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету 2011 жылы 40 пайызды құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға артқан. Қала орталығындағы көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, 16 жанұяға жаңа пәтер берілген. Сонымен қатар, 23 көше орташа жөндеуден өткізілген. «Жасыл аймақ» іс-шарасына сәйкес 401 гектарға ағаш көшеттері отырғызылды».
Қос ауданның 2011 жылды қорытқан есебі осы. БАҚ өкілдерінсіз өткен жиында тағы қандай кемшіліктер айтылғаны арнамыз үшін жұмбақ жәйтке айналып отыр. Дегенмен облыс басшысы Асқар Мырзахметов Түркістандықтарды ауыз сумен қамту ісін күн тәртібінен түсірмеңдер десе, кентаулықтарға индустриалдық аймақ құруды тапсырыпты.