Бәйдібек ауданы да судан зардап шегуде

Кеше Бәйдібек ауданындағы бірқатар ауылдар да селден зардап шекті.

Боран уақытысындағы үйінді қардан енді «құтылдық па?» дей бергенімізде, табиғат тағы да тосын мінез танытты. Ауа райының күрт жылынып, екі күн қатарынан толастамай нөсерлетіп жауған жауынның салдарынан қыр, сай-салалардағы үйілген қалың қар еріп, оған ауыл ішіндегі жиналған су мен қатқақтап қалған мұздақтар қосылып, ауданымыздағы Жүзімдік, О.Тайманов, Сарқырама, Боралдай, Шаян елді мекендерінің бірқатар бүліктерін су басып қалды. Екпінді елді мекеніндегі жағдай тіптен қиын.

Мұндағы Сасық өзені арқылы өтетін көпірге мұзбен бекітіліп, су деңгейі 1-1,5м биіктікке дейін көтеріліп, арнасынан тасыған. Ал, жиналған мұз ұзындығы 700-800 метрді құраған. Бірнеше қора-жайлар мен қоршаулар құлап, ғимараттардың қабырғаларына сызат түскен. Құтқарушылар мен ауыл азаматтары белшесінен су кешіп, үй-жайларды, мал бастарын аман сақтап қалу үшін жанталасуда.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Жүзімдік елді мекенінде Кәрітоған каналының бөгеттері жарылып тұрғындарға қауіп төндірсе, О.Тайманов ауылдарында канал суы толып, арнасынан асып, соның әсерінен 4 тұрғын үй аулаларына су кіріп, ол кішігіріш көлге айналған. Тасыған суды тоқтату мақсатында ауыл азаматтары құм салынған қапшықтармен су жолына тосқауыл қойып, су өзен арнасына бұрылып, каналдың жырылған жерлері тас, шлак, күл-қоқыстар, тағы басқа заттармен толтырылып, нығайтылу жұмыстары жүргізіліп, бекітіліпті. Сондай-ақ Боралдай елді мекенінде де осындай жағдайлар орын алған.

Су алу қаупін сейілту үшін жергілікті халық құрал-саймандар және қолда бар техникалармен арыққа жиналған суды өзен арнасына қарай бұру үшін қашыртқы жасап, арық-атыздарды тазалап әбігерге түскен. Алайда қырдан көп мөлшерде аққан қар сулары елді мекен ішіндегі жолдармен ағуда. Дегенмен, аталған ауылдарды қазіргі таңда жаппай су басып қалу қаупі жоқ.

Сонымен қатар Сарқырама ауылының сыртындағы канал іші үрінді қарларға толып, еріген судың ағуы қиындыққа соқтыруда. Бұл аймақта ауыл тұрғындары канал ішіндегі қарды сыртқа шығарып, тазалау үстінде. Бақытқа орай ешқандай үйлерді су алмапты. Ал, мұнда ауылды су басу қаупі бар көрінеді.

Дәл осындай жағдай аудан орталығы Шаянды да айналып өтпеді. Көше бойынан аққан ерінді қар сулары бірқатар тұрғын үйлердің аулаларына жиналып, монша, асхана, қора секілді жайлардың ішіне дейін кіріп кеткен.

Атап айтқанда, Абай көшесі Қ.Өтегеновтің, Дауылбаев көшесі Р.Қалдыбаеваның, Бәйдібек ата көшесі Г.Бохаеваның, Рахымбердиев көшесі Т.Төребекұлының, Жандосов көшесі М.Тілесовтың жєне Д.Қоршабаеваның, Ауезов көшесі Р.Абдуалиевтің, Н.Ысмайылов көшесі М.Батыршаның, Байғонов көшесі А.Аралбаевтың, Жандарбеков көшесі М.Дүйсенбаевтың, Нысанов көшесі И.Шомановтың, Жылқышиев көшесі Ә.Мылтықбаевтың, Бәйдібек көшесі Т.Шәлімбетовтың, Жандарбеков көшесі А.Қауынбаевтың, Шүкеев көшесі А.Тәңірбергенованың, Жансейітов көшесі А.Жолдасовалардың тұрғын үй аулаларына көлемді су жиналған.

Судың ағып кетер жолы болмағандықтан, аудандық өрт сөндіру бөлімінің және «Бәйдібек су» мекемесінің су тартатын техникаларымен жиналған су сорылып, сыртқа шығарылуда. Әсіресе, осы отбасылар қатты әбіржіп, опық жеп қалды.

Т.Досалиев, ауданның ТЖ бөлімінің бастығы: аудан әкімінің орынбасары Т.Дәрменбаевтың басқаруымен су тасқынының алдын алу, оны болдырмау мақсатында барлық каналдар мен өзендер бақылауға алынып, кезекшілік ұйымдастырылып, әр елді мекендерде алдын-алу жұмыстары атқарылуда. Бұған құтқарушылардан бөлек, ауыл азаматтары өз үлестерін қосуда.