Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі Оңтүстік бөлігінің құрылысы наурызда жалғасады

444

Елбасының  халыққа жолдауында Батыс-Еуропа -Батыс Қытай көлік дәлізі жоспарланған мерзімінде пайдалануға берілуін қадап айтты. Бізге хабарласқандар да «Қыс мезгілінде жұмысы тоқтаған құрылыс қашан аяқталады?», «Халықаралық жол түскен жер телімдерін мемлекетке қайтару барысы қалай жүргізілуде?» деген сұрақтар қойған болатын. Тұшымды жауап алу мақсатында біз автомобиль жолдары комитеті ОҚО департаментіндегі мамандармен кездескен едік.

Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі облыс аумағының 448 шақырымын басып өтеді. Қыс мезігіліне байланысты қазіргі таңда 224 шақырымға созылған 6 учаскеде жол құрылысы көктемге дейін тоқтатылған. Мердігер мекемелер құрылыс материалдарын дайындаумен айналысуда. Биыл тағы 7-лот бойынша жұмыстар басталды. Ол Қазақстан-Сербиялық «АКМ Планум» ЖШС Темірлан ауылының айналма жолының құрылысын жүргізеді.

Берік НҰРЫШЕВ, автомобиль жолдары комитеті ОҚО департаменті директорының орынбасары: «Темірлан  ауылының айналма жолының  15 шақырымында құрылыс- монтаждау жұмыстары  бастауын алды. Көлік дәлізі өтетін жолда орналасқан үй, коммерциялық нысандардың жер телімі мемлекетпен сатып алынуда».

Түркістан бағытының Бадам қиылысындағы күре жолдағы транспорттық айрық көпір құрылысын қосалқы мердігер  «АЗМК- Сервис» ЖШС жүргізуде. Мұнда құрылысшылар күннің суығына қарамастан нысанды кестеге сәйкес биыл бітіреміз деп жоспарлауда.

 Ерлан Тимур, «АЗМК-Сервис» ЖШС-і директорының орынбасары: «Былтыр қазан айында бастаған болатынбыз. Жобалық сметалық құжат бойынша құрылысты ағымдағы қазан айында аяқтауымыз керек еді, алайда барлық мүмкіндіктерімізді пайдаланып нысанды биыл шілде айында тапсыруды ұйғардық».

Халықаралық жолдың маңызын түсінген азаматтар мемлекетке өтеусіз 209 жер телімін қайтарды. Мемлекет мұқтажы үшін 574 жер телімі сатып алынды. Бүгінгі таңда 28 жер телімі бойынша сот процесі жүргізілуде. Наурыз айында құрылыс жалғасады. Бірінші санаттағы 4 жолақ жолдың бір жолағы биыл жылдың соңында пайдалануға берілмек . Өңірімізден өтетін көлік дәлізінің құрылысы 2013 жылдың қазан айында толығымен аяқталады деп күтілуде.

Айтпақшы, автомобиль жолдары комитетінің ОҚО департаментінде басшы ауысты. Директор қызметіне тараздық Қайырбеков Арман Мерекеұлы тағайындалды. Бұған дейін департаментті Мұхит Тұрмысбекұлы Ахметов басқарған болатын.