Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 24 мамырдағы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» Жарлығына сай Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының 2001жылғы желтоқсанның 26-сы күнгі №251 қаулысы негізінде 2002 жылы Қазығұрт ауданында мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты ашылды.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші-білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп,білім беру жүйесін халықаралық дәрежеге көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Дарынды балалар-еліміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыратын ұлттық құндылық болып саналады. Шығармашыл, ұшқыр ойлы және өз білімін іске асыратын да — дарынды балалар.
Елбасы тапсырмасына орай ашылған Қазығұрттағы «Дарын» мектеп-интернатына жаңа ғимарат салу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 249917 мың теңге қаржы бөлініп, нысан құрылысы 2011 жылғы ақпан айында басталған болатын. Құрылысты жүргізген «Шаңырақ-XXI» ЖШС-і нысанды 2012 жылғы шілде айында пайдалануға беру керек болса да, мерзімінен бұрын аяқтап, кешегі сәрсенбі күні кілтін табыс етті. Жаңа мектеп-интернаттың оқу корпусы, спорт залы, асхана, шеберханасынан бөлек, 139 оқушыға арналған жатақханасы бар. Қазығұрттықтардың қуанышын бөлісуге облыстық білім департаментінің аппарат басшысы Ә. Қалымбет, аудан әкімі Т. Әлиев, еңбек ардагерлері, БАҚ-ның өкілдері келді. Мамандандырылған мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын аралап көрген қонақтар құрылыс сапасына, сынып бөлмелерінің қажетті жабдықтарымен толыққанына ризашылық танытты. Ашылу салтанатының соңы мерекелік концертке ұласты.
Е. Сәрсенбин.
Клара Құрбанбаева, мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының директоры
— Бізде жалпы білім алушы оқушылар саны 294. 2010-2011 оқу жылында мектебіміздің 5 түлегі » Алтын белгі» иегері атанса, 12 оқушы «Үздік аттестат» алды. 62 түлегіміздің 51-і грантпен, 11-і ақылы оқуға түсті. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша 5 оқушымыз шет мемлекеттерде білім алуда. Биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» 14 оқушымыз ілінеді деген межеміз бар. Оқушылардың жағдайын ойлап, үлкен қамқорлық жасаған облыс әкімі А. Мырзахметовке рахмет, бізге осындай, бар жағдайы жасалған ғимарат салып бергені үшін!
Нұрболат Құралов, «Шаңырақ-XXI» ЖШС-нің басшысы
— Білімге құштар балалардың болашағын ойлаған Елбасымыздың саясаты арқасында тәуелсіздік алған 20 жыл көлемінде еліміздегі дарынды балалар Қазақстанның беделін әлемдік деңгейге көтеріп, бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізді. Мемлекет тарапынан ұдайы көрсетілген қолдау мен қамқорлықтың жемісі болар дарынды балаларға арналған мектептер жұмысы жаңа қарқын алғанына бәріміз куәміз. Баланың қуанышынан асқан не бар, өмірде? Бүгін өзіміз тұрғызған мектеп-интернаттың жаңа ғимаратын көріп, қуанған оқушыларды байқағанда олармен қосыла өзім де қуандым.
(мақаланың толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінен оқи аласыз)