Кентау әкіміне қатаң сөгіс берілді

35 мың адамды жылусыз қалдырған ЖЭО-5-тегі апаттан кейін Кентау әкіміне қатаң сөгіс берілді. Кентауда ЖЭО-5-те болған жағдай үшін қала әкімі Нұржігіт Қалмырзаевке қатаң сөгіс берілді.
Бұл туралы бүгін брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Дәурен Дүйсебаев хабарлады.

«Бұдан басқа, Кентау қаласы әкімінің орынбасары А.Алдамұратов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы К.Төлепбергенов, ЖЭО-5-тің директоры Н.Қожахметов қызметтерінен босатылды», — деді Д.Дүйсебаев. Ол сонымен бірге 35 мың адамды жылусыз қалдырған ЖЭО-дағы апаттың себебі ведомствоаралық комиссияның жұмысынан кейін белгілі болатынын хабарлады.

«Жағдайды алдын ала тексеру апаттың күннің күрт суытуынан және 1934 жылы салынған ЖЭО-5 жабдықтарының ескіргенінен болғанын көрсетіп отыр», — деп атап өтті Д.Дүйсебаев.

ЖЭО-5-тің алдыңғы қожайыны инвестициялық міндеттерін орындамай, 2011 жылдың тамыз айында ЖЭО-5 сот шешімімен коммуналдық меншікке өткен болатын. Биыл ЖЭО-5 толық модернизациялаудан өтеді деген жоспар болған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі, 4 ақпан күні түнгі 3:30-да ЖЭО-5-те күннің күрт салқындауы салдарынан (-30 градус) алты қазандыққа мазутты беру тоқтап қалды. Соның салдарынан 35 мың адам жылусыз қалды.