ОҚО ауыл шаруашылығын дамытудағы қаржы институттарының рөлі және 2012 жылға жоспары облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжілісте талқыланды. ОҚО агроөнеркәсіптік кешеніне 2009-2011 жылдар аралығында қаржы институттары арқылы 36 млрд. теңге несие тартылып, 7 мыңға жуық ірі, орта және шағын жобалар қаржыландырылған. Осының аясында 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылды.
Берік Бейсенғалиев, «ҰБХ ҚазАгро» АҚ басқарма төрағасы: «Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша елбасының тапсырмасын орындау мақсатында өңірлердегі сала мамандарымен кездесуді облыстарыңыздан бастағанымыз кездейсоқтық емес. Жүзеге асқан инвестициялық жобалар және де шағын, орта жобалардың басым бөлігі осы аймақтың үлесінде. Өйткені, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер іскер».
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы еліміздегі ірі қаржыландыру институттары басшыларының жиынға қатысқанын пайдаланып, несие алудағы қиыншылықтарға тоқталды.
Қанатбек Оспанбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы: «ҚазАгро» АҚ еншілес ұйымдарының несие беру шарттары біздің Оңтүстік өңірі үшін қолайсыз. Ол қаржы институттары кепілдікке алған шаруалардың жекеменшік үй не жерін өте төмен бағалайды. Сондықтан да шаруа қожалықтарының басым бөлігі несиеден қағылуда».
Көтерілген мәселе орынды деген «ҚазАгро» АҚ Басқармасының Төрағасы бұл мәселені қарастырамыз деп уәде берді. Елбасының жолдауында басым бағыттардың бірі «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту. Жоба аясында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша фермерлік шаруашылықтарды дамыту бойынша жұмыс жалғасады. Сала мамандары Облыс әкімдігі мен «ҚазАгро» АҚ арасындағы ынтымақтастық меморандум ауыл шаруашылығын жетілдіруге серпін береді деген сенімде.[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=dS9D96f1mSI&list=UUfxVhVdN9E8mkrN50DjJYFg&index=9&feature=plpp_video[/youtube]