Балалар ертегі тамашалады

Облыстық қуыршақ театр ұжымы жаңа премьераның шымылдығын түрді. Әртістер Корней Чуковскийдің кішкентай көрермендерге арналған «Цокотухаға арналған кеш» атты мюзиклін сахнаға шығарды.

«Мұндағы кейіпкерлер өте көп. Олардың іс-әрекеті мен айтқан сөздері де қызық. Әсіресе киімдері әдемі, түрлі түсті. Сондықтан тапжылмай, соңына дейін қызығушылықпен тамашаладық»,- дейді қуанышын жасырмаған оқушылар. 

Ұзақтығы 40 минуттық қойылым екі бөлімнен тұрады. Драмалық бөлімде образдарды әртістердің өздері сомдаса, ал екінші бөлімде ертегі  қуыршақтардың қатысуымен сахналанады.

Шығарманың желісі бойынша бір үйдің екі еркетотай қызы анасының тілін алмайды. Алайда анасы айлаға көше бастайды. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің көмегімен қыздарына қателіктерін түсіндіреді.

«Бұл мюзиклдің кішкентай көрермендерге берері мол. Өйткені олар жамандықтан жиреніп, жақсылыққа жақын жүретін болады. Қойылымдағы кейіпкерлердің әс-әрекеті арқылы кей нәрселерді ажырата алады. Кей образдар балаларды қызықтыру үшін ойдан құрастырылып, заманауи үлгіде жасалған»,- дейді қойылымның көркемдік жетекшісі Антонино Валентиновна.

Биыл қуыршақ театрында әртістер 5 спектакль сахналауды жоспарлап отыр. Бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізгеннен кейінгі қойылған алғашқы спектакль болып отыр.