Рақымшылық заңына сәйкес бір түрмеден 9 азамат темір тордан шығарылды

Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына сәйкес жарияланған рақымшылық аясында 167/3 абақтысынан жазасын өтеуші 9 азамат бостандыққа шықты. Олар — орта және жеңіл дәрежедегі қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынғандар.

Шымкенттегі 167/3 абақтысында жазасын өтеп жүргендердің біразы бүгінгі күнді жеке өмірлерінің тарихында қалады деп есептейді. Себебі, олар рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шықты. Арасында жасы 76-ға келген азамат та бар. Қария түн қараңғысында көлігімен адам қағып кетіп, 5 жылға абақтыға жабылған болатын. Содан бері 1 жыл 9 ай уақыт жазасын өтеген. Бүгін еркіндікке шыққан қарттың алғыстан өзге айтары жоқ.

Ниязқұл Ұлходжаев, жазасын өтеуші: «Назарбаевқа ризамын. Жасым 76-ға келді. Рахмет. Ризамын».

Алдымен мекеме басшылығы рақымшылық заңына ілінгендер туралы сотқа ұсыныс жасайды. Сот істерді қарап, бостандыққа шығатындар туралы үкім шығаруы тиіс. Бүгін бостандыққа шыққандар — рақымшылық заңына ілінгендердің бір бөлігі ғана.

Рамазан Бақыт, ИЧ 167/3 мекемесі бастығының тәртіп және шұғыл істер жөніндегі орынбасары: «Бүгін 9 адам шығып отыр. Әлі 75 адам шығады. Рақымшылық заңы бойынша шығып жатқандар баптары орташа қылмыс жасағандар шығып жатыр. Соттың қаулысы күшіне енгеніне байланысты шығарамыз».

Қамауға алынғандар бостандыққа шықпай тұрып, олардың жұмыспен қамту орталығына ұсыныс жасалады. Өйткені темір тордан босағандар еңбек етіп, қара басын баға алмаса, қылмысқа қайта ұрынары сөзсіз.