Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткеніне — 20 жыл

886
Шәмші Қалдаяқов

29-ақпан қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірден  өткеніне – 20 жыл.

Жасы 62-ге қараған шағында ауыр науқастан көз жұмған халық әртісін көзі тірісінде халқы қадіріне жетпеді. Қазақ даласын әнмен тербеткен композитор, 40 жылға жуық шығармашылыққа арнаған өмірінде 300-ге тарта әнін жұртшылққа сыйлап үлгерген.

Даталы күнге орай қаламыздағы Ы. Алтынсарин атындағы облыстық кітапханада еске алу концерттік кеш өтті. Мектеп оқушылары Халқымыздың әнұранын әуелетіп кеткен композитордың өмірбаянына тоқталып, оның отбасы жайында айтуды да ұмытпады. №37 мектептің оқушысы Айгүл Әділетханова Шәмшінің жазған әрбір әні — бүгінге аманат дейді.

Айгүл Әділетханова , оқушы: «Шәмші өзінің әндерін елдің ұранына айналатынына сенімді болған. Жастарға тәлім-тәрбие беретін әндерді мұраға қалдырып, өшпес із қалдырды. Қазір оның әндерін жатқа білмейтін қазақ кем де кем».

Халықтың жүрегіне жылулық ұялататын, иісі қазаққа ортақ мәнді әндерін бүгінде жастар шарықтата шырқап жүр. Десе де, көпшілік арасында Шәмшінің әндері бір сарынмен айтылады деген жаңсақ пікірдің бой алып жатқаны жасырын емес.

Қалмахан Омар, Қазақстан журналистер одағыныњ мүшесі:» Шәмшінің өз дүниесі бар. Өзіндік қолтаңбасы бар. Оның әндерін бір сарынды дейтіндер музыка түсінбейтіндердің қатарынан деп кәміл айта аламын. Бір ғана «Дүнген қыз» әнін талдап қарасаңыз жеті кереметтердің қатарына қоса алар едіңіз. Басымызға біткен дарынды композиторымызды тірісінде бағалай білмедік. Енді қара күйе жағудан аулақ болайық. Барынша, бағалап, кейінгі ұрпаққа аманат етейік».

Әу бастан ән әлеміне өзіндік өрнегімен келген сазгер қандай  құрметке болсын лайық. Ең бастысы, Халықтың жүрегіне жылулық ұялататын сазгер әні жұртшылық жүрегінде мәңгі жасай бермек.