Қаламызда аудан әкімдері халықпен кездесіп, жыл сайынғы есеп беруді жалғастыруда. Бүгін Әл-Фараби, Абай және Еңбекші ауданының басшылары дәстүрден таймай, тұрғындардың алдына шығып, өткен жыл бойына атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған жобаларды таныстырды.
Жиналысқа жиналғандардың қарасы көп. Ине шаршарға бос орын болмады. Жылына бір рет болатын мүмкіндікті тұрғындар пайдаланып қалуға тырысқан сыңайлы. Қалалықтардың жауабын білуге асық сұрақтары мен қояр ұсыныстары көп. Алайда сұрақтарды тұрғындар ауызша емес, жазбаша түрде жолдады.
Мәселен, Қазығұрт ауданының тұрғындарын мектеп мәселесі мазалайды. Олар бірнеше жылдан бері №49 білім ошағының жанынан қосымша ғимарат салуды сұрауда. Өйткені аядай ғана ғимаратта мыңдаған оқушы білім алады.
Ал Еңбекші ауданында тұратындардың басын ауыртып, балтырын сыздадатыны — жылу мәселесі. Құбырлардың бірнеше рет жарылуы Батыс және Сайрамдағы көпқабатты үйлердің тұрғындарын бірнеше рет жылусыз қалдырған. Қайтпас-1, Бадам, Нұртас пен Шаңырақта да су құбырының құрылысы — шешілмеген өзекті мәселе.
Есеп беру кезінде жағымды жаңалықтар да айтылды. Әл-Фараби ауданының әкімі Нұрбақыт Иманқұлов 2011 жылы көріктендіру және санитарлық тазалық, жылу энергиясын қамтамасыз ету, ауыз су және электр энергиясы, табиғи газ мәселесі, тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, әлеуметтік сала, білім және денсаулық, сауда салаларында бірқатар тың өзгерістер болғанын айтып өтті. Елбасының «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес ауданда 2011 жылы білім ошақтары мен ауруханалар жаңартылып, іске қосылған. Сондай-ақ әкімнің айтуынша, 2012 жылы ауданда 20 тұрғын үй салыну жоспарлануда.
Балалар ойын алаңшасының салынуы, үйлер арасындағы жолдарды жөндеу мен салу, мектеп пен балабақша ғимараттарының жетіспеуі — түйіні шешілмеген бұл проблемалар 2012 жылы шешілетін болады деп, уәде берді 3 ауданның әкімдері.