Ордабасыда тағы да апат. Темірлан тұрғындары «Найман» арықтан келген қатерге екінші рет тап болды. Бұл тасқыннан зәбір көрушілердің қатары одан да көп болатын сияқты.
Өйткені, сыйымдылығы 8 текше метр суға арналған «Найман» арықтан бұл күні 35 текше метр тасқын су ақты. Осы күннің өзінде жер шөккен баспаналар бар. Екі мектептің жертөлесін су басты.
Естеріңізге сала кетейік, ақпанның 20-сы күні Ордабасы ауданының орталығы Темірланда су тасқыны болып, тілсіз жау 5 үйді құлатып, 26 шаруашылық нысанды жарамсыз еткен еді. Табиғи апатпен күресуге дәл сонда 2 мыңнан аса адам жұмылдырылған.
Кезекті рет Темірландағы тұрғындардың санын соқтырған «Найман» арықтағы су көтерілуін көруге барған Мен құдды бір мұз дәуірінің құрсауында қалғандай күй кештім. Ондағы қарбалас тірлікті көріп, Өзіңіз де қызу тірлікке араласқаныңызды байқамай қаласыз. Қапшықтарға топырақ салып, ұзын сонар тізбекке тізіліп, бір-біріне лақтырып жатқан құжынаған халық құмырысқаның илеуін көз алдыңызға елестетеді. Еріген қардан жиналған тасқыннан арылу үшін төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен әскерилер һәм жергілікті жұрт бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әлек. Мал ашуы-жан ашуы емес пе?! Баспасын су басып қалған жұрт өкпесін кімнен аларын білмей дал.
Ғалия ӨМІРБЕКОВА, Темірлан елдімекенінің тұрғыны: «Таңғы сағат 3-терде үйіміздің алдын су баса бастады. Түні бойы заттарды жинап, көшіп, мал жанды ауыл асырдық. Бала-шағаның бәрі туысқандардың үйінде. Қазір қайда барарымызды білмей шулап, далада жүрміз. Апат расында айтып келмейді екен. 20 ақпаннан бері көрген күніміз осы. Ауылдың жанында төтенже жағдайлар қызметінің мамандары тұрғанын қайтейік, арықтың жағалауына 10 машине ғана топырақ төседі де қойды. Әй, тағы да бекітіңдер деген сөзімізге құлақ аспады. Міне, енді жүрміз, сенделіп».
Тұрғындардың сөзінше, өткен тасқында «Найман» арықтың жағалауы қажетті көлемде бекітілмеген. Тілсіз жауды игере алмаудың басты себебі де осы дейді мұндағылар. Ал жергілікті әкімдік өкілдері мен облыс әкімдігі құрған арнайы топ бұл тасқыннан келер қауіп жоқ деп сендіргісі келеді. Бүгінгі топансу алдыңғы болған тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың баспаналарына ғана баруда екен. Яғни, жаңадан зардап шеккендер жоқ деген сөз.
Бірақ Темірланның ішін аралап көргенімзде, А.Байтұрсынов көшесіндегі бір үйдің малқорасы шатырымен қоса суға батқанын көрдік. Сондағы Шырынгүл Керімбаеваның баспанасына кіру үшін толарсақтан саз кешуіңізге тура келеді. Сол маңда мұндай үйлер жетерлік. Бұл тұрғындар апаттан алғаш рет зардап шегіп отырғандар.
Бұл күні сондай-ақ, аудан орталығындағы екі мектептің жертөлесі суға толды. Бірақ ондағы сабақ кестесі жалғасып жатыр деді басшылық. Кезекті тасқынның қанша үйді қиратары әзірге белгісіз. Бірақ бір күннің ішінде үш баспана жер шөкті деген сыбысты естідік. Сондай-ақ, су басудың біршама қиындығын аудандағы Қараспан ауылы да тартып жатқанынан хабарландық.