Қырағылықты күшейтті


Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті өткен жылы мемлекет қазынасына 36 млрд. 567 млн. теңге түсірді.

Жалпы, кедендік бақылауды ұйымдастыру бағытында 2011 жыл департамент қызметкерлері үшін айтарлықтай ауыр жыл болды. Алты жарым миллион тұлғаға кедендік бақылау жүргізу оңай емес. Кеден шекарасы арқылы 35 мың жеңіл, 37 мың жүк көліктері, 1072 әуе кемелері, 1348 жолаушы поездары, 596602 теміржол вагондары өтсе, 69554 транзиттік, 26339 тауарларға арналған декларциялар рәсімделген. » Күнбе күн» қағидасы бойынша 24469 кедендік жүк құжаты толтырылған. Кеденді кесіп өткісі келетін талайлар тұтылды. Барлығы 1659 әкімшілік іс қозғалды. Есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша 8 факті анықталып, 3 келіден артық есірткі тәркіленді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 150 млн. теңгені құрайтын жалған құжаттарды пайдаланып, кеден бекеттерінен өткізбек болған тауарлардың экономикалық контрабандасының 14 оқиғасы тіркелді.

«Шымкент кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінде тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілмеген жалпы құны 25 млн. теңгеден асатын тауарлар әшкере болды. Облыс орталығына алыс шетелдерден ұшып келетін әуе кемелеріне, оның ішінде жеке тұлғаларға, қол және жол жүктеріне жүргізілетін кедендік бақылау күшейтілуі себепті, 14 млн. теңгелік экономикалық контрабанда деректері ашылды. Ақпаратты жасырын алуға арналған арнаулы техникалық құралдарды кедендік шекарадан заңсыз өткізудің 4 фактісі орын алған. Екі дерек бойынша қылмыстық, 1 әкімшілік іс қозғалған. Ал жақында ғана Оңтүстіктің кеденшілері «Киіз үй» операциясы бойынша аса ірі көлемдегі контрабандалық тауарларды қолға түсіргенін жақсы білеміз. ОҚО Кедендік бақылау департаментінің мақсаты-қырағылықты күшейтіп, межелі міндеттерді бағындыра білу.

Е. Сәрсенбин