Ақпараттар

 Жақыныңа жәрдем бер

Отырар ауданының әкімі Бейбіт Сыздықовтың бастамасымен тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға, жетім-жесірлер мен мүгедек жандарға көмек көрсету мақсатында «Жақсы істердің жалғасы» атты акция ұйымдастырылды. Акция барысында көмекке мұқтаж жандарға 15 келіден пияз, картоп таратылды. Және 80 тонна пияз бен 50 тонна картоп әлеуметтік дүкендерге арзан бағада сатылымға түсті. Ағайынның басына іс түскенде қарап отырар отырарлықтар ма, Темірлан ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 500 келіден пияз және картоп жіберілді.

Түлектер Түркістанға бармайды

Кентаулық мектеп бітіруші түлектер бұған дейін ҰБТ тапсыру үшін Түркістанға барушы еді. Биылдан бастап енді кентаулық оқушылар қаладағы Ә. Молдағұлова атындағы мектепте ашылған орталықта тест тапсыруға мүмкіндік алды. Бұл туралы жағымды жаңалықты қалалық білім бөлімінің бастығы Н. Әбілдаев жеткізді. Биылғы оқу жылының соңында Кентау қаласы бойынша 600 түлек ҰБТ-ға қатысады деген мәлімет бар. 41 оқушы «Алтын белгіге», 25 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер.

Дәстүрге берік қыздар

Түлкібас ауданының орталығы Тұраркенттегі мәдениет сарайында оқушы қыздар өзара сайысқа түсті. Иманды әрі ибалы, тәлімді де тәрбиелі қыздар ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту жолында бар өнерлерін ортаға салды. Сахналық көрініске көңілдері толған көрермендер «Ұлттық қолөнер» тақырыбындағы ұйымдастырылған көрмемен де танысты. Байқау қорытындысында әділқазылар алқасы жеңімпаз деп Алтынай Әбдірайымды, Дәмира Бәйімбетті және Айдана Ағабекті атады. Оқушы қыздар арасында өткізілген осынау сайысты жергілікті «Жастар орталығы» ұйымдастырды.

Е. Сұлтан