«Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-і 2004 жылы құрылды. Сондан бері баспаналы болған талай жанның алғысын арқалап, шаңырақтарына шаттық сыйлады. Мәселен, Шымкент қаласындағы «Жансая», «Достық», «Нұрсәт», «Қазығұрт», «Жайлау» шағынаудандарында тұрғын үй құрылыстарын салуда «Шаңырақ» өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Елбасының «Тұрғын үй» бағдарламасы аясында облысымызда ауқымды жұмыстар қолға алынып, жылдан-жылға халықтың баспанаға деген мұқтаждықтары біртіндеп шешіліп келеді. Әрине, бұл мақсатта «Шаңырақ-ХХІ» құрылыс компаниясының қосып жатқан үлесі де баршылық.
» Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-і құрылыс нысанының учаске бастығы Рахымберді Ешибеков басқарған құрылысшылар » Нұрсәт» шағынауданынан 10 қабатты 54 пәтерлік № 130 үйді тұрғындарға тарту етсе, Ғалым Жидебайдың жігіттері Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылына ауызсу құбырларының құрылысын жүргізіп, халыққа сапалы ауызсу жетуіне жағдай жасады. Ал,Үмбетбай Әуелбеков басқаратын құрылыс учаскесі өткен жылы Қазығұрт ауылындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының шеберхана мен асханасы, спортзалы бар 250 орындық оқу корпусының құрылыс жұмыстарын аяқтап, жуырда пайдалануға берді. Құрылыс нысандарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуші жабдықтау бөлімінің бастығы Абдувахит Абдувалиев пен ПТО бөлімінің бастығы Ханапия Мархабайқызының еңбегін де ескергеніміз жөн. Ал, серіктестіктің директоры Нұрболат Нұрдәулетұлы Құралов жөнінде бөлек әңгіме.
Ол 1984 жылы ОҚО, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында туған. Орта мектептен соң Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ «Инженер» мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын «Шаңырақ» құрылыс компаниясында ПТО инженері болып бастаған. Мұнан соң «Құрылыс технологиясы» компаниясында инженер, 2008-2011 жылдары учаске бастығы бола жүріп, «Қарлығаш» шағын қалашығының, жанар-жағармай құю бекетінің құрылыстарының іске асуына еңбек сіңірді. 2011 жылдан бастап «Шаңырақ-ХХІ» ЖШС-нің директоры. Өзі басшылық еткен уақыттан бері серіктестік маңызы зор бірнеше әлеуметтік нысандарды пайдалануға берген екен. Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы «Жайлау» шағынауданынан 300 орындық мектеп үйінің құрылысын бастаған «Шаңырақ» оның алдында Қазығұрт ауданы, Қызыл ата ауылындағы мектеп ғимаратының құрылысына атсалысқан. Серіктестіктің қарамағында жұмыс істейтін 100-ден астам құрылысшыларға жалақы уақытылы төленіп, әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударылып келеді.
Нұрболат Нұрдәулетұлы жас та болса бас бола білген азамат. Өзі жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының сапалығы мен белгіленген мерзімде аяқталуына үнемі назар аударып отыратын ол облыс көлемінде өтетін кез келген маңызды іс-шаралардың қасынан табылады. Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік монументінің ашылуына айтарлықтай үлес қосқан Нұрболаттың қайырымдылық акцияларына да құрқол барып көрген кезі болмапты. Әрине, бойға біткен мұндай қасиет Нұрболатқа отбасындағы тәрбие мен мектепте алған тәлімі арқылы дарыса керек. Ол әлі жас, отызға жетпесе де орда бұзған азаматтың алдында таудай талап тұр. Елге, жерге жаны ашитын жанның: «Шаңырақ»-әрбір шаңыраққа қуаныш сыйласа екен»,-деген сөзінің өзінде үлкен мән жатқандай.
Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында: «Біз жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. … Мұнымен бірге отандық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады. Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана -2020″ бағдарламаларында анық көрсету керек»-деді. Демек, тұрғын үй мәселесін шешу күн тәртібінде тұр. Бұл-Нұрболат Құралов басқаратын серіктестікке де қатысты. Олай болса, «Шаңырақтың» шаңырағы биік болуына, көпшілікке тек қана қуаныш сыйлай берулеріне біз де тілектеспіз.
Ердәулет Тұрапбекұлы