Бадам елді мекеніндегі канал қала меншігіне өтті

270

Еріген қар, соңғы күндері жауған жауын-шашын Бадам өзені жағалауындағы тұрғындарды әбігерге түсірді. Үйілген қоқыс, тазартылмаған ирригациялық жүйелер судың көшелер мен аулаларға кіріп, баспаналардың жарамсыз күйге түсуіне негіз болды. Жағдайды қалпына келтіру үшін жергілікті билік нақты шешім қабылдадық деп отыр.

Нұрбақыт Иманқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Каналдың  облыс меншігінен қаланың балансына өткені дұрыс шешім. Каналды, жағалауын күл-қоқыстан тазалауға  бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазірдің өзінде  жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер берген техникамен тазарту жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыс әрдайым жоспарлы түрде жүргізіледі».

Әкімнің мәлімдеуінше, аудандағы ирригациялық жүйелер де ретке келтіріледі. Наурыздың екінші он күндігінде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і негізгі көшелердің бойындағы қашыртқыларды тазалауды бастаса, орамішілік арықтарды жуық арада анықталатын мердігер мекеме тазалайды.